Бізге атаққұмарлық пен ысырапшылдықтан құтылатын жаңа үлгі қажет – Қ. Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бізге атаққұмарлық пен ысырапшылдықтан құтылатын жаңа үлгі қажет – Қ. Тоқаев

17.09.2018

Бізге атаққұмарлық пен ысырапшылдықтан құтылатын жаңа үлгі қажет. Бекер мал шашпаққа алаңдаған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасына осындай жазба қалдырды. Ал даңғойлықтың төресі тойда екені жасырын емес.

Рас, той шығынына келгенде жан салмаймыз. Бай есебін табар, жоқтар ше? Білсек, қазір қазақстандық 6 млн-ға жуық азамат несие арқалап жүр екен. Олардың 85 пайызы той-думан, тон мен ішік, қымбат көлік деп қарызға батады. Шашылып, жалған атаққа қалғысы келетін кей пысықайлар, тіпті  біраз дәстүрлердің тонын теріс айналдырып жіберген.

Бұл Шымкенттегі той. Торттың салмағы 2 тоннаға жуық. Биіктігі 4 метр. Әлеуметтік желіде құны 59 млн. теңге деп жазылды. Қарапайым есепке жүгінсек, бұған 3 бөлмелі 4 пәтер, 20 автокөлік алуға болады. Ал ,60 мың алатын қатардағы мемлекеттік қызметкер мұндай қаржыға қол жеткізу үшін 82 жыл еңбек етуі керек. Бір сәттік шоу деп, шетелге асып жатқан ақша қаншама?

Тойға келгенде түріктер мен тәжіктерде тәртіп қатал. Тіпті, Тәжікстанда арнайы заң қабылданған. Аста-төк ысырап жасағандарға алғашында 4 мың, екінші рет қайталаса 5700 доллар айыппұл салынады. Рейд жүргізіліп, артық тәттілер той үстінде тәркіленеді. Өткен жылдың өзінде 800 жуық азаматқа 3 млн-нан астам айыппұл салыныпты.

Досымжан Ермұрат, тілші:  

-«Мақтанамыз деп, ұрпақ алдында ақтала алмай қалмайық» деген ғалым Дүкен Мәсімхан той өткізудің тәртібін ұсынды. Оның айтуынша, қонақ санын 200-ге дейін қысқартып, күндізгі серуен, салтанат сарайларындағы неке қиюдан, торт және шетел әншілерінен түгелдей бас тарту туралы қарар қабылдау керек. Сондай-ақ, барлығына бірдей той мәзірін бекіту қажет.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу