Қасым-Жомарт Тоқаев: Бізге ядролық қару қажет емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бізге ядролық қару қажет емес

29.05.2023

Қазақстан одақтас мемлекеттің құрамына қосылмайды. Әрі ядролық қару бізге қажет емес. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев бүгін Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында Беларусь президентінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақында Беларусь Республикасының президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынды. Мен оның әзілін жақсы бағаладым. Менің ойымша, бұған қажеттілік жоқ, өйткені басқа интеграциялық бірлестіктер, ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, ол бізге қажет емес, себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және ядролық қаруды сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар бойынша міндеттемелерімізге берік боламыз.

Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуы тиіс. Президент осы мәселеге де тоқталды. Солтүстік Қазақстан облысы Ресеймен шекаралас. Сондықтан өңірдің стратегиялық маңызы зор деді Тоқаев. Еуразиялық одақ аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сауда мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргізілетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшінші мемлекеттердің нарықтарына да кедергісіз және тиімді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі теміржол тарифтері қол жетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын, ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу