Басты Жаңалықтар Өскеменде мамандар Қытайдың «Лол» қуыршақтарын сатып жатқан сауда орындарын тексеруде

Өскеменде мамандар Қытайдың «Лол» қуыршақтарын сатып жатқан сауда орындарын тексеруде

Өскеменде мамандар Қытайдың «Лол» қуыршақтарын сатып жатқан сауда орындарын тексеруге кірісті. Осыдан бір апта бұрын қала тұрғыны ойыншықты сатып алған соң баласының денсаулығы күрт нашарлады деп арызданған. Нәтижесінде сараптама зиянды заттардың мөлшері 160 есеге дейін артық екенін көрсетті. Іле-шала қауіпті өнім сатылған дүкендегі қуыршақтардың бүкіл партиясы саудадан алынды.

Қауіпті қуыршаққа қатысты облыстық қоғамдық Денсаулық сақтау департаментіне қала тұрғыны арызданған. Тап осы ойыншықты алғаннан соң кішкентай қызының денсаулығы нашарлап, ауырып қалған. Сараптама қуыршақ құрамында улы химикаттардың мөлшерден тым көп екенін көрсеткен.

Анар Тоқсанғалиева, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:

- «Лол» қуыршағының ішінде фенол екі есеге және формальдегид 160 есеге артық болғаны анықталды. Әсіресе, ол шардың өзінде және қуыршақтың өзінде ең көп мөлшері анықталды.

Мамандар қазір қаладағы ірі сауда орындарын тексеруде. Бүгінгі рейд барысында денсаулыққа зиянды ойыншықтар көзге ілінбеді. Сатушының айтуынша, ойыншықтардың дені шет елден келеді.

Әйгерім Қорабаева, сатушы:

- Ғаламторда қазір көрсетілген ойыншықтарды көбінде Қазақстан жасай бермейді. Шетелден келеді. Көбіне Қытай жақ басым болып тұр.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанға Қытайдан 500 тоннадан астам ойыншық әкелінген. Ресми мәлімет бойынша барлығының сертификаты болған.

Айдос Нәзбиев, облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

- ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес және техникалық регламенттің талаптарына сәйкес, аталған тауарлардың қауіпсіздігін растайтын құжатсыз кедендік рәсімдеуден өткізілмейді.

Баланың қолына түскен қуыршақтың да Қытайда жасалғаны белгілі болды. Тек ол елге Ресей арқылы жеткізілген. Ал, зардап шеккен бүлдіршіннің қазіргі жай-күйі белгісіз. Себебі, ата-анасы қандай да бір мәлімет беруден үзілді-кесілді бас тартып отыр. 

 

Б.КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Бөлісу