Қарағандыда орта мектептің шатыры өртеніп кетті
Қарағандының «Восток-1» ықшамауданындағы №36 жалпы білім беретін орта мектептің шатыры өртеніп кетті. Оқиға кеше кешкі тоғыздар шамасында болған. Өрт шыққан бойда дабыл құрылғылары іске қосылып, күзетші дер кезінде хабар берген. Екі сағат ішінде тілсіз жау ауыздықталды. Жалынға оранған аумақ 300 шаршы метрді құрайды. Бұл жалпы мектеп шатырының 21 пайызы. Мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша от шатырдағы электр сымдарының тұйықталуынан шыққан. Адам шығыны жоқ. Қазір облыстық Білім басқармасы басшысының жетекшілігімен арнайы штаб құрылып, жұмыс істеуде. Өрт шалған білім ошағының 695 оқушысы уақытша жолдың қарсы бетіндегі №17 мектепке ауыстырылды. Ал, шағын орталықтағы 70-ке тарта бүлдіршін жекеменшік балабақшаға жайғастырылған. Оқу үрдісі үзілген жоқ, балалар бүгін таңертеңнен бастап көршілес мектепте сабағын жалғастыруда.
Есенғазы Иманғалиев, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- 1 қыркүйекке байланысты барлық мектептер 100 пайыз дайын деген акт алады. Төтенше жағдай, басқа да жауапкершілік бөлімдердің барлығының қолдары бар. Мектепті тазалатып, иісін кетіріп, бір аптадан ары создырмаймыз деген болжамымыз бар.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы