Алматыдан Ташкент пен Нүкіс қаласына тікелей автобус рейстері ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдан Ташкент пен Нүкіс қаласына тікелей автобус рейстері ашылды

12.09.2018

«Бұл 17 жылдан кейін қайта ашылған, халықтың көп күткен бағыты»,-дейді мамандар. Өйткені, көрші елмен арада жолаушылар ағыны жыл санап артып келеді. Бүгін Өзбекстаннан шыққан екі автобус 14 сағаттың ішінде аман-есен Алматыға келіп жетті.

Ташкенттен келген алғашқы автобусты алматылықтар «Үшқоңыр» автовокзалынан сән-салтанатпен қарсы алды. Қазақы дәстүріміз бойынша шашу шашылып, жолаушылар ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Жап-жаңа автобустармен шаршамай-шалдықпай, бірден мақсатты жеріне жеткен жолаушылар бұл бағыттың ашылғанына өте қуанышты.

Дилшот Мұхторов, Өзбекстан азаматы:

-Біз өзіміз шағын бизнеспен айналысамыз. Қазақстанға жұмыс барысымен жиі қатынаймыз. Сондықтан, мына жаңа рейс жақсы болды. Кеше кешке Ташкенттен шыққанбыз, таңертең Алматыда тұрмыз.

Жаңа рейс бойынша Алматыдан Ташкентке күніне 4 автобус, Нүкіске 2 автобус қатынайды. Билет бағалары да қымбат емес. Ташкентке - 4500, Нүкіске - 10000 теңге. Бастысы, бұл қоғамдық көліктер  жолаушылардың уақытын үнемдеуге тиімді. Өйткені, Өзбекстанмен арадағы кеден бекетінде күніне 40 мыңнан астам адам ұзын-сонар кезекте тұрады.  Ал, автобус жолаушылары еш кедергісіз «жасыл дәліз арқылы» тез өтеді.

Берік Қалдыбаев, тасымалдаушы:

-18 жылдан бері ашылмай жүрген рейс еді. Өзбекстанның ішіне кіріп-шығу қиын болып, халқы кеденнен қиналып өтетін. Қазір бізге қолайлы.

Жаңа рейстер екі ел басшыларының ортақ шешімімен жүзеге асырылған. Өйткені, жыл санап көрші мемлекетпен арада жолаушылар ағыны артып келеді. Ал, соңғы уақытта тасымалдаушылардың жұмысына сын көп. Биылдың өзінде салдырлаған ескі автобустар мен жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен бірнеше оқыс оқиға болған еді.

«Үшқоңыр» автовокзалы күніне 10 мыңнан астам жолаушыға еркін қызмет көрсете алады. Сондықтан, алдағы уақытта Өзбекстанның өзге де қалалары - Самарқанд, Ангренге адам тасымалдамақ. Сондай-ақ, Тәжікстанның екі қаласы мен Моңғолия астанасына да рейстер ашылмақ.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу