Өскеменде оқушылар мектепке жету үшін темір жол вагондарының астымен өтіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде оқушылар мектепке жету үшін темір жол вагондарының астымен өтіп жүр

11.09.2018

Ата-аналар балаларын таңертең қауіпті аймақтан өткізіп жіберіп, сабақтарынан қайтарда күтіп алады. Тұрғындардың теміржол станциясы  маңынан жаяу жүргіншілерге көпір салып беруді сұрап жүргендеріне біраз болған. Алайда, мәселе жуық арада шешіле қоймайтын сияқты.

9-шы сынып оқушысы Денис Ениннің күнде жүретін жолы осы. Мектеп пен  үйдің арасын теміржол станциясы бөліп тұр. Қауіпті екенін біле тұра вагондардың астымен өтуін қоймайды. Денис секілді қаладағы 6-шы  мектепке баратын ондаған оқушы осы жолмен қатынайды.

Ел-жұрттың осылай еңбектеп, вагондардың астымен өтіп жүргеніне талай жыл болды. Тұрғындар сан мәрте көпір салып беруді сұраған. Қалалық әкімдікке талай хат та жазған.

Ринат Мұстафин, қала тұрғыны:

- Жүретін жер жоқ, қарлығаш емеспіз, ұша алмаймыз. Қайта -қайта еңбектеп жүру керек. Қазір қыс келсе еңбектейтін де жағдай болмай қалады.

Берік Көшербай, тілші:

- Ата-аналар балаларының өмірі үшін алаңдағанымен, өздері де дүкен, автобус аялдамасына темір жол өткелі арқылы ғана қатынайды. Жұмыс істейтін азаматтар күнделікті таңертең-кешке осылай вагондардың астымен өтіп, өмірлерін қатерге тігеді.

Теміржолмен жүрудің аса қауіпті екенін мұғалімдер мен станция  қызметкерлері тұрғындарға жиі айтады. Ескертпе жазулар да ілулі. Тек қауіпсіздікті қаперге алар ешкім жоқ. 

Дәурен Айтуғанов, «Жаңа Өскемен» теміржол станциясының бастығы:

- Қызметтік өткелмен жүрме демейміз, ондай жоқ бізде. Осы жермен, қалай болса да вагондарды айналып өту керек.

Көпір салынбайтынына көзі жеткен ата-аналар «тым болмаса  балаларды мектепке таситын орталықтандырылған автобус болса», - дейді.  Ал, жергілікті билік халық санының аздығын алға тартып, көпір  құрылысы  қарастырылмаған деген уәж айтады. 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу