Үкімет отырысында тұрғын үй-коммуналдық саласы да талқыланды. Ал бұл салада күз келгелі жылу беру мәселесі алғашқы орынға шығатыны белгілі. Әсіресе, ресми қыстың келуін күтпей-ақ, қыркүйектен бастап суығы денені қалтырата бастайтын Астана үшін бұл тақырып қашанда өзекті. Дей тұрғанмен, бас қаламызда әзірге 150-ден астам тұрғын үй әлі жылу маусымына дайын емес. Қала әкімдігі таратқан ресми мәлімет осындай.
Олардың айтуынша, әзірге баспаналардың тек 94 пайызында ғана тиісті жұмыстар жүргізілген. Ал денсаулық, білім, және мәдени нысандардағы дайындық 97 пайыздан асады. Елордада ауа райының күрт төмендеуіне алаңдаған тұрғындар әлеуметтік желілерде дабыл қаға бастады.
Астанада 2414 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Солардың 2261-і алдағы маусымға толықтай дайын. Кейбір үйде жұмыстар әлі жүргізіліп жатыр.
Бақытжан Омар, тілші:
- Астанада жылу маусымына көбіне ескі үйлер дайын емес. Өйткені, өздеріңіз көріп тұрғандай бұл жердегі құбырлардың әбден тозығы жеткен. Су әрең дегенде келеді. Дегенмен, әкімдіктегілер бұл құбырларды ауыстырумен әлек.
«Үйлердің дайын болмауына бірнеше себеп бар»,-дейді сала мамандары. Біріншіден, тұрғын үй қатынастарындағы заңға сәйкес баспанасы бар әрбір азамат пәтер иелерінің кооперативіне ай сайын төленетін қаржыны уақытылы бермейді. Соның есебінен кооператив өкілдері құбырларды белгіленген мерзімде ауыстырып үлгермейді.
Еркебұлан Дүйсенбин, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы:
- Астана қаласындағы ыстық судың сапасының төмен болуы темір құбырларын жейді. Сол себепті, жылу маусымына дайындық ұзаққа созылып жатыр.
«Дегенмен, жылу беру мерзіміне дейін бұл мәселе шешіледі»,- деп отыр әкімдіктегілер. Ауа райы күрт суып, температура бес күн бойы +10 градустан төмен болса, онда алтыншы күні үйлерге жылу беріле бастайды. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар - балабақша, мектеп және аурухана сияқты нысандар қамтылады.
Ал республика бойынша жылу маусымына дайындық жоспардағыдай жүзеге асып келеді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев соңғы 8 айда елімізде 70 миллион тонна көмір өндірілгенін айтады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға жоғары. Демек, ел тұрғындары ауа райы тым суық болмаса, қара отынның тапшылығын сезінбейді. «Көмірді тасымалдауда да еш кедергі болмайды», - дейді министр. Алайда, жылу беру станцияларында әлі шешілмеген мәселе бар.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Әлі де 4 энергоблоктарды жөндеу керек. Соңғы екі айдың ішінде 24 котелды жөндеу керек. Оның барлығы кестеге сәйкес жүріп жатыр. Біз бақылауда ұстап отырмыз.
Құзырлы органдардың сөзіне сенсек, жылу мерзімі басталғанға дейін барлық мәселе түбегейлі шешіледі. Алайда, ауа райы тосын мінезін ерте танытса, адамдардың әбігерге түспейтініне кім кепіл?! Әсіресе, қысы ерте келетін бас қаланың тұрғындары бұған алаңдаулы.
Бақытжан ОМАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.