Алматылық Әйгерім Мақашева 12 жерден алған пышақ жарақатынан өлім аузынан қалды
Алматыда 24 жастағы Әйгерім Мақашева 12 жерден алған пышақ жарақатынан өлім аузынан қалды. Нанотехнологияның тілін меңгерген білікті маман түнгі ауысымдағы жұмысынан үйіне қайтып келе жатып, оқыс оқиғаға тап болған. Қызметтік тасымалдау көлігі үйіне жеткізбегендіктен, «Саяхат» автобекетінен такси жалдап Думан ықшам-ауданына жеткен. Алайда, үйіне 100 қадам қалғанда қаскөйдің қолынан ажал құша жаздады.
Бұл оқиға қыркүйектің 4-нен 5-іне қараған түні Медеу ауданы, Думан ықшам-ауданында болған. Әйгерім Мақашева жұмыстан шығып, еш алаңсыз үйіне келе жатқан. Келіншектің жолда жалғыз келе жатқанын көрген бұзақы бас салып, шабуыл жасап пышақ салған. 24 жастағы Әйгерім айқайлап көмек сұрағанымен ешкім келмепті.
Әйгерім Мақашева, зардап шегуші:
-Қолымда телефон болды, сумкада әмиян шығып тұрды. Бірақ, ол ештеңе алған жоқ. Жай ұрып-ұрып қашып кетті.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
-Оқиға дәл осы жерде болған. Шамамен түнгі 00:00 мен 01:00 шамасында мұздай қаруланған қаскөй Әйгерімге дәл осы жерде шабуыл жасаған. Ол оны буындырып, бірнеше жерден пышақ сұққан. Ал, тұрғындар дәл осы жерде есірткі шегіп, арақ ішкен маскүнемдер мазамызды алады деп шағымдануда.
Тапа-тал түсте көшеде осылай жүретіндер балалардың зәресін алады. Сондықтан, буыны қатпаған балғындар - үрей құшағында. Ал, ата-аналар тәртіп сақшыларының салғырттығына налиды.
Ал, қалалық Ішкі істер департаменті оқиғаны уақытылы тіркегенімен, бес күннен бері қарекеттері мардымсыз. Сұрауымызға телефон арқылы: сот алды тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, жедел тергеу тобының құрылғаны жөнінде жазбаша жауап беріп, зардап шегуші Әйгерімге бір рет пышақ сұғылғанын жеткізді.
Ал, Әйгерімнің анасы тәртіп сақшыларының бұл ақпараты жалған деп отыр.
Дәрігерлер Әйгерімнің жағдай ауруханаға келген кезде тым ауыр болып, қазір беті бері қарай бастағанын айтады.
Ақ халаттылар енді зардап шегушінің денсаулығына айтарлықтай қауіптің жоқ екенін айтып сендірді. «Дегенмен, бұл оқиғаның қазіргі мегаполистегі қылмыстық ахуалдың көрсеткіші»,- дейді тұрғындар. Сондықтан, көпшілік балалары үшін алаңдаулы.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы