«Бір белдеу, бір жол» - жаңа мүмкіндік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бір белдеу, бір жол» - жаңа мүмкіндік

07.09.2018

«100-ге жуық мемлекеттің мүддесін тоғыстырған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің дәл Астанада жариялауының символдық мәні зор». Бүгін Қазақстан-Қытай форумының ашылуында Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығының вице-президенті Ху Чжэнью осылай деді. Иә, расында трансқұрлықтық дәліз жобасының Қазақстанның қолдауынсыз жүзеге асуы екіталай еді. Бағдарлама жария болған сәттен бастап қазақ лидері Нұрсұлтан Назарбаев аталған жобаны қолдап келеді. О баста Қытай мен Қазақстан қосылған жобаға қазір әлемнің 100-ге жуық елі мүше. Осы уақыт ішінде 75 сауда-экономикалық аймақ өз жұмысын бастады. Трансұлттық дәлізбен жүріп өткен сауда-саттық көлемі 5 трлн. долларға тақаған. «Әлемдік даму Азияға ойысты» дейтін сарапшылар сөзіне осы дәлел болса керек, - дейді форум қатысушылары.

Ху Чжэнью, Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығының вице-президенті:

- 2013 жылы дәл осы күні төраға Си Цзиньпиннің Астанада жариялаған бағдарламасы ғаламдық сипатқа ие болды. Өз өміршеңдігін дәлелдеді. «Бір белдеу, бір жол» секілді халықаралық жобасын іске асыруда Қазақстан Қытайдың Еуразия кеңістігіндегі негізгі әріптесі. Бағдарламаның негізгі қағидаты теңдік пен өзара сыйластық екенін тағы бір мәрте ескерткім келеді.

Жер шары халқының төрттен үшін біріктіретін «Бір белдеу, бір жол» жобасы жалғыз елдің күшімен жүзеге асуы мүмкін емес. Ал, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан үшін трансқұрлықтық дәліз жаңа мүмкіндік екені даусыз. Форумның екінші бөлігінде медицина және БАҚ саласындағы байланыстарды кеңейте түсу жолдары сөз болды. Форум барысында Қытайдың бірқатар медициналық орталықтарымен серіктестік туралы шарт бекіді. Әрі медициналық туризмді дамытуға уағдаласты.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу