Сандық телевизия елімізді толық қамтиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сандық телевизия елімізді толық қамтиды

04.09.2018

«Цифрлық хабар таратуға алдағы 3 жыл ішінде толық қол жеткіземіз». Бүгін Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай деді. Сандық хабар тарату үшін алдымен аймақтардағы инфрақұрылымды даярлау маңызды. Жыл соңына дейін Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы жаңа форматқа ауысады. Жалпы, жаңа жүйенің қызметін ел бойынша 827 радиотелевизиялық станция жүзеге асырмақ. Қазіргі таңда оның 356-сы дайын. Қалған станциялардың құрылысы 2019-2020 жылдары толық аяқталады. Цифрлық хабар таратуға көшкен жағдайда радиожиіліктер де босайды. Осылайша, босаған жиіліктерді байланыс саласындағы жаңа технологияларды дамытуға пайдалану қарастырылған.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Цифрлық хабар тарату қалың көрерменге әсіресе, аудан, қала орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдағы ағайынға қандай пайда әкеледі? Біріншіден, бұл эфирдің және дыбыстың жоғары сапасын, екіншіден, телеарналар пакетінің ұлғаюын қамтамасыз етеді. Осылайша, 2021 жылы осы жұмысты толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Яғни, Шығыс Қазақстан облысындағы «Владимировкадан» Маңғыстаудағы «Қаражамбас» ауылына дейін, Солтүстіктегі «Сунное» селосынан, Түркістан облысындағы «Мырзакентке» дейін кең байтақ аумақ цифрлық хабар таратумен толық қамтамасыз етіледі.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу