Әкімдер жұмысқа велосипедпен баратын болды дегенді естідік. Алайда, жылы-жұмсақ қызметтік көлікті таксиге алмастырды дегенді ести қойған жоқпыз. Астана әкімдігіндегі шенеуніктер бүгіннен бастап ресми түрде таксиге отырды. Бұрын бас-басына қымбат көлік мінген әкім қаралар енді бұйырған таксимен жұмысқа қатынайтын болады. Бұл бастама арқылы қала билігі жылына 150 миллион теңге үнемдеп, осы қаржыны әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсамақ. Ал, бұрын әкімдерді тасыған қымбат көліктер аукцион арқылы сатылып, автошаруашылық қызметі толығымен жекешелендірілмек.
Дулат Абибуллаев, тілші:
- Хорошун бастаған Астана қаласы әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдері бүгін жұмысқа таксимен жетті. Алайда, Үкіметтегі жиындардың біріне кеткен болу керек, шенділердің ішінен такси мінген Әсет Исекешевті кездестіре алмадық. Әкімінің қызметтік көлікті таксиге алмастырғанына еш күмәніміз жоқ. Себебі, бұл бастаманың авторы қала басшысының өзі болатын.
Дүйсенбі жұмыс күні болса да, бүгін әкімдік ауласында әдеттегі қымбат қызметтік көліктер жоқ. Есесіне қаптаған такси бар, арнайы такси тұрақ ашылған. Ендігі бұл жер таксистердің тиынды көп табатын нүктесіне айналады. Себебі, әкімдіктегілер үшін қызметтік жүріп-тұру енді тек такси арқылы болады. Әкімдер әзірге жаңа бастамаға дән риза.
Арман Тұрлыбек, Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі:
- Өте керемет. Жаңа бас-лайнмен келдік.
Ерлан Қаналимов, Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі:
-Қалай екен такисмен жүрген?
-Жақсы. Өте ыңғайлы.
-Енді күнде осылай таксимен жүретін боласыздар ма?
-Күнде жүреміз, бүгіннен бастап бәріміз таксиге отырдық.
Жаңа тәртіп бойынша таксиді жұмыс бабымен тек басшылар ғана емес, кез келген қызметкер де шақырта алады. Қашан және қайда, не үшін барғаны арнайы бағдарламамен қатаң тексеріледі. Сондай-ақ, таксилер автобусқа арналған жолақтармен жүре алады. Бұл жолға кететін уақытты анағұрлым азайтады.
Әнуар Жанғозин, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:
-Сонда тәртібі қалай? Сіздер телефонмен тапсырыс бересіздер ма?
-Телефонмен емес, менде арнайы бағдарлама бар. Алдын ала тапсырыс береміз. Бас-лайнмен тез, сол жағалаудан 10-15 минут ішінде жетесіз.
Жаңа бастамаға үйренбеген немесе жылы-жұмсақ қызметтік көлігін қимай жүрген басшыларды да байқап қалдық. Мәдениет пен спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов жұмысқа жеке көлікпен келсе, ішкі саясатқа жауапты шенеунік қызметтік көлігін қимай жүрген сияқты.
Жол ақысы, яғни, такси тарифі баршаға ортақ. Тапсырыс беру 500 теңге. Оның ішіне 3 шақырым жол жүру тегін. Одан ары шақырымына 100 теңге төлейсіз. Қолма-қол ақша мүлдем жоқ. Барлық төлем электронды түрде.
Олег Фатюхин, «Астана такси» ЖШС бас директоры:
- Қаладағы таксопарктерде 380 автокөлік бар. Әкім мен оның орынбасарларына бизнес такси бекітілген. Мысалы, әкім орынбасарларына «Toyota Camry 55» бекітілген. Олардың Ақорда немесе Үкімет үй маңына баруға рұқсаты болады. Әкімдік таксилерді тек жұмыс уақытында ғана пайдалана алады. Мұндай тәжірибе тек ТМД-да емес, әлемде жоқ деп мен сізге нық сеніммен айта аламын.
Әлемде жоқ әдіс арқылы әкімдік жылына 150 миллион теңге үнемдемек. Жыл соңына дейін әкімдіктің еншілес мекемелері де осы жүйеге көшеді. Бұл бастамадан өзге басшылар да үлгі алып, алдымен отандық автокөлікке, кейін велосипед пен қоғамдық көлікке отырса, қазына қаржысын едәуір үнемделер еді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.