Түркітілдес мемлекеттер саммитінде Шолпан-Ата декларациясы қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркітілдес мемлекеттер саммитінде Шолпан-Ата декларациясы қабылданды

03.09.2018

Бүгін Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы саммиті өтті. Кеңеске мүше бауырлас елдің басшылары бір үстел басына төрт көзі түгел жиналды. Бұл жолғы жиын «Жастар саясаты және ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық» тақырыбын қамтыды. Жиынды ашып берген қазақ президенті Түркі кеңесінің төрағалығын ресми түрде Қырғызстанға тапсырды.

Қазақстан Кеңеске төрағалық еткен жылдары түркі мемлекеттерінің байланысын арттыратын ауқымды шараларға ұйытқы болғанын жеткізді. Біздің ел әсіресе, экономиканы дамыту, ақпараттық технология, көлік, транзит саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса назар аударғанын айтты.

Сондай-ақ, «Ортақ түрік тарихы» оқулығының оқу бағдарламасына енгізілуінің өзі жемісті шаруаның бірі екеніне тоқталды. Ендігі міндет, тағылымы мол тарихымызды тағы бір зерделеп, «Түркі әлемінің 100 тұлғасының» тізімін түзуге шақырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесін заман талабына сай бейімдеп, ұйым қызметін жетілдіруді ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұйымның тиімділігін, функционалдық икемділігін және институттардың әлеуетін күшейту мақсатында Түркі академиясын, Түркі мәдени «Мирас» қорын, сондай-ақ, ақсақалдар кеңесін ТҮРКСОЙ-мен біріктіру керек. Барлығы ТҮРКСОЙ-дың аясында жұмыс істесін. Бізге көп шенеуніктің қажеті жоқ. Қазіргі кезде оның қызметінде жүйелілік байқалмайды. Сондықтан, ұйымның жұмысын сараптау қажет. Тиімді болса, онда оның функцияларын хатшылыққа беруге болады. Егер тиімсіз болса, онда оны толығымен қысқартуды ұсынамын. Бұл шаралар кеңестің жұмысын тиімді оңтайландыруға, қызметкерлер санын қысқартуға, сондай-ақ, қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Саммиттің қорытындысы бойынша, тараптар Шолпан-Ата декларациясын қабылдады. Сондай-ақ, Түркі кеңесінің бас хатшылығына Қазақстан өкілі тағайындалды. Бұған дейін әзірбайжандық Рамиль Гасанов атқарып келген  хатшылық лауазымды Бағдат Әміреев жалғастыратын болды. Ал, Венгрияға бүгіннен бастап бақылаушы мемлекет мәртебесі берілді.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

Хабарламаларға жазылу