Басты Жаңалықтар «Нұр Отан» партиясы жетім балаларға мектеп заттарын сыйлады

«Нұр Отан» партиясы жетім балаларға мектеп заттарын сыйлады

Еліміз бойынша биыл 15 мың балаға көмек көрсетілді. «Нұр Отан» партиясы «Балаларды  мектепке даярлайық» акциясы аясында көпбалалы, тұрмысы қоңыртөбел отбасылардың балаларына қайырымдылық көрсетуде. Тек қана бас қалаларда емес, еліміздегі  шалғай елді мекендерде де бұл шарапатты шара жалғасын тауып жатыр.  Мәулен Әшімбаев елордадағы балалар үйіне барып, «қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру баршамыздың алдымызда тұрған үлкен мақсаттардың бірі», - деді.

Захар 3 жасынан бері балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дайын, тек сөмке сатып алуға үлгермепті, өйткені, лагерьде демалған. Бүгін «нұротандықтар» Захарға және оның достарына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.  Әрине, олар үшін ең  құнды сый – ол аялы алақан мен қамқорлық.

«Бақыт деген сенің бала күндерің». Құрсағын жарып шыққан сәбиді өз ата-анасы өзектен тепкен балаларды мемлекет ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Биыл да «Нұр Отанның» 1700 бастауыш партия ұйымы белсенділік танытты, оқушыларға жылулық сыйлады. Тек соңғы уақытта екі мыңға жуық қайырымдылық шарасы ұйымдастырылыпты.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүінгі күні Қазақстан бойынша 15 мыңнан астам балаға нақты көмек көрсетілді. Биыл осы акция жаңа деңгейде жүзеге асырылды деп айтуға толық негіз бар. Бұл шара Елбасымыздың, партия төрағасының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті, келе жатқан оқу жылымен құттықтады. Балалар үйі қазір инновацияның игілігін көріп отыр. Соңғы 10 айда жаңа жүйе енгізілген. Мұнда робот техникасы, бағдарламалау негіздерін үйретеді. STEM-зертханасы мен ІТ-сынып та ашылған.

Динара Закиева, «Балалар үйі» КММ директоры:

- 10 ай бұрын балалар үйін трансформациялауды бастадық. Аудит жүргіздік. Нәтижесінде 86 миллион теңге үнемделді. Енді бұл қаражат балалардың жағдайын жақсартуға бағытталады. Қосымша орталықтарды ашып жатырмыз. Әр баланың қабілетіне байланысты оны бөлек дайындаймыз.

Балалар үйі баланың өз үйі болмаса да, тұрып жатқан мекені. Жалпы, мұнда 90 бала тәрбиеленуде. Олардың барлығы да талантты, талапты, еңбекқор, армандары асқақ.

Жылы жүрек, жомарт қол. «Азаматтық қоғам өкілдері, кәсіпкерлер, белсенділер бұл іске белсене араласуы тиіс», - дейді партия өкілдері. Өйткені, әр баланың қуанышты, нұрлы жүзінен бақытты балалық шақтың бейнесі көрінуі қажет. Ал, Захар енді жаңа сөмкесін иығына асып, сабақты асыға күтіп жүр.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу