Шығысқазақстандық 30 оқушы «IQanat» бағдарламасы бойынша халықаралық ЖОО-на грант ұтып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығысқазақстандық 30 оқушы «IQanat» бағдарламасы бойынша халықаралық ЖОО-на грант ұтып алды

28.08.2018

Шығыс Қазақстан облысында ауылдан шыққан 30 оқушы IQanat бағдарламасы бойынша халықаралық жоғарғы оқу орындарына білім гранттарын ұтып алды. Бірегей білім беру жобасы ауыл мектептеріне ғана арналған. Негізгі мақсат – елді мекендердегі зерек балаларды қолдау, олардың отандық және шетелдік университеттерде білім алуына мүмкіндік беру. «IQanat» бағдарламасының ең алғашқы олимпиадасында Шығыс Қазақстанның балалары бақ сынады.

Ақ қала ауылындағы 9-сыныпты бітірген оқушылар сыныптастары Малика Вахасованы көруге асық. Олар қатарласын «IQanat» олимпиадасындағы жеңісімен құттықтамақ. Енді алғыр қыз 10-11 сыныпты Алматыдағы физика-математика мектебінде тегін оқиды. Одан соң шетелдегі жоғарғы оқу орнында білім алуына мүмкіндік бар. Себебі, арнаулы грантты жеңіп алған. 

Малика Вахасова, арнаулы грант иегері:

- Физика пәні бойынша бардым. 6 тапсырма орындадық, оның бәрі есеп, сол есептің бәрін шығарып, көптен ұпай алып, осылайша, жеңімпаз атандым.

Ауыл мектептеріне арналған білім сайысына Шығыс Қазақстаннан алғашқыда 1500 бала қатысқан. Бірнеше кезеңнен тұратын олимпиаданың ақтық кезеңі Астанада өтті. Оған 200-ге жуық оқушы қатысып, 30-ы шетелдік жоғарғы оқу орындарына грант иегері атанды. Солардың қатарында Малика Вахасова да бар. Ол бастауыш мектепті өзінің Жаңа жол ауылынан бітірген. Жоғары сыныптарда көрші Ақ қала ауылына күнделікті қатынап оқыған.

Альмира Вахасова, Маликаның анасы:

- Маликаның өмірі түбегейлі өзгеріп отыр. Біздің алға қойған мақсатымыз Алматы емес болатын, Өскеменге барып оқимыз ба деп ойлап жүргенбіз. Бірақ, міне ойламаған жерден шет елге арнайы грантты иеленіп отыр. Осы грантты иелену үшін Малика көп жұмыс істеді, дайындалды. 

Жаңа білім беру бағдарламасы еліміздегі ірі кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып отыр. «IQanat» олимпиадасы 4 бағытта өтеді. Мәселен, ауыл балалары математика, физика, ағылшын тілі және  «Эрудит» эссе жазу конкурсында білімдерін сынайды. Жаңа жобаға бастапқыда Шығыс Қазақстанның 6 ауданы ғана қатысса, бұдан былай олимпиада бүкіл  облыс бойынша ұйымдастырылмақ.

Анар Матыбаева, «IQanat» білім беру қорының облыстағы координаторы:

- Әр ауданымызда аудандық координаторларымыз тағайындалды.  2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Шығыс Қазақстан облысына тағы да республикамыздың 4 облысы қосылады. Сондықтан да «IQanat» білім беру қорының жобасы, олимпиадалары республикалық деңгейге көтеріледі.

Білім додасында бірінші орын иеленген оқушылар гранттан бөлек, өзі білім алып жатқан мектепті жабдықтауға 2 млн. теңге ұтып алды. Бұл қаржыға робототехника бойынша құрылғылар мен 3D принтер алынды. Маликаның ұстаздары Астанадан арнайы келген маманнан осы жабдықтардың қыр-сырын үйреніп жатыр. Ал, Малика болса, бірер күнде Алматыға жол тартпақ.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу