Қазір сабақ қарсаңында жер-жерде балаларға мектепке керек-жарағын үлестіру акциялары жүріп жатыр. Соның бірін Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ВІ-Жұлдызай» қоры ұйымдастырды. Қайырымдылық шарасы «Жұлдызай» оңалту орталығында өтті. Онда емделіп жатқан 37 балаға мектепке қажетті заттары: сөмке, оқу құралдары және кітаптар сыйға тартылды. Бұл орталықта жүйке және сал ауруына шалдыққан балғындарға тегін ем көрсетіледі. Нәтижелері де жаман емес. Мәселен, бүгінгі мерекенің ең кішкентай қатысушысы Малика емдеу мекемесіне алғаш келгенде түк қозғала алмаған. Дәрігерлердің бірнеше жылғы еңбегінің арқасында қазір ол өздігінен жүре бастады, бірнеше күннен соң мектеп табалдырығын аттайды.
Ләззат Құсайынова, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
- Акция әр облыстарда Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен өткізеді. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіледі.
Меруерт Әбдікенова, қала тұрғыны:
- «Жұлдызай» орталығына келгенімізге 4-5 жылдай болып қалды. Балам екеуміз ризамыз. Бәрін тегін аламыз. Басқа орталыққа барсаң біраз ақша сұрайды. Өте қымбат.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.