Теміртау: Балабақша басшылары тәрбиешінің осыған дейін оғаш қылығын байқамағанын айтқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртау: Балабақша басшылары тәрбиешінің осыған дейін оғаш қылығын байқамағанын айтқан

28.08.2018

Теміртаудағы балабақшалардың бірінде 1 жарым жастағы баланы буындырған тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оның қылығы ұялы телефонның камерасына түсіп қалған. Оқиға мамыр айында болғанымен, жаға ұстатар жайттың бейнежазбасы әлеуметтік желіге күні кеше ғана тарады. Жағдайды кеш білген баланың туғандары мен сол топтағы бүлдіршіндердің ата-аналарынан ес кетті.

Бұл осыдан тура үш ай бұрын жекеменшік балабақшалардың бірінде болған жайт. Еңгезердей әйелдің кішкене Нананың үстіне мініп алғанын мына бейнежазбадан көруге болады. Жылаған баланы тыныштандыру үшін тәрбиеші оның бетін көрпемен бүркеп, тұншықтырған. Күні кеше әлеуметтік желіге тараған осы жазбаны көрген бүлдіршіннің ата-анасы мен басқа да жұртта ес қалмады.

Людмила Мантлер, Нананың әжесі: 

- Келініме «біздің балабақшада осындай масқара болыпты»,- деп айтып жатқанмын. Құдай басқа бермесін дегенім есімде. Сөйтсем келінім, «бұл біздің Нанамыз ғой»,- дейді. Төбемнен жай түскендей болды. Бала шошып, өліп кетсе не болар едік. Бұл не деген жауыздық? Басшылары қайда қараған?!

Қазір бұл балабақшаға сәбиін әкелетін барлық ата-ананы үрей билеп алған. Олар өз балаларының да дәл осындай зәбір көруі мүмкін деп  күдіктенеді. Мұнда қазір 50 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал, білім бөліміндегілер оқиға жекеменшік балабақшада болғанын алға тартуда.

Есентай Әшім, Теміртау қалалық білім бөлімінің басшысы: 

- Олар бізден рұқсат сұрамайды ашуға. Тек салық органдарына және басқа орындарға тіркеледі де өздерінің әрекеттерін жүзеге асыра береді.

Балабақша басшылары тәрбиешінің осыған дейін оғаш қылығын байқамағанын айтқан. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Бақытжан Құдияров, ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Баланы ұйықтата алмаған. Бала жылап төсекте секіргендіктен көрпемен бетін бүркеп тұншықтырғаны жөнінде мойындау көрсетпелерін берді. Бүгінгі таңда аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140 бабы 2-і тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Ата-аналар айыппұл немесе 20 күн қоғамдық жұмысты қарастыратын бұл бап жеңіл жаза деп отыр. Болған жайтты телефонға түсірген адамның безбүйректігі де жұрттың жағасын ұстатты. «Сондықтан, кінәлілер түгел жазалансын»,-дейді ата-аналар. Жалпы, елімізде мұндай оқиғалар өкінішке орай, жиілеп кетті. Соңғы жағдай Павлодарда екі апта бұрын тіркелген еді.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу