Арнамызға Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы «Дюбек» саяжайының тұрғындары хабарласты. Олар саяжайдың есепшісінің жұмысына наразы. Өйткені, ол халықтан жиналған ақшаның есебін бермейді. «Тіпті, жыл сайын жарна көлемін негізсіз қымбаттатып жатыр»,-дейді.
Бұл азаматтар «Дюбек» саяжайында 20 жылдан бері өмір сүріп келеді. Олар «соңғы 10 жылда есепшіге төлеп жатқан қаржымыздың қалай жұмсалып жатқанынан мүлде бейхабармыз»,-дейді.
Гүлбану Ақбосынова, саяжай тұрғыны:
- Бізде жылына бір жинайтын мүшелік жарна деген болады. Оны жылдан-жылға көтереді.
Тұрғындардың ашынатын себебі, бұл аймақта осындай 130-ға жуық саяжай бар. «Солардың ішінде «қауымдастық жарнасын» ең қымбат төлейтін біз ғана»,-деп отыр.
Мәселенің мән-жайын білмекке есепшінің үйіне бардық. Бірақ, ол мұнда болмай шықты, телефоны да сөндірулі.
Саяжай тұрғындары осы мәселе бойынша екі жыл бұрын құзырлы органдарға шағым түсірген. Бірақ, ұзаққа созылған тергеу жұмыстарынан әлі нәтиже шығар емес.
Серік Үпиев, Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:
- Бұл дерек бойынша тергеу амалдары екі жылға жуық уақыт бойы жүргізіліп келе жатыр. Қазіргі таңда іс-материалдары ҚР ҚК 250- бабы лауазымдық қызметтерін асыра пайдалану бойынша Еңбекшіқазақ ауданы Ішкі істер басқармасының өндірісінде.
Мамандардың айтуынша, екінші тарап та прокуратура мен тергеушінің шешімдеріне келіспей, оларды сотқа беріпті. «Сондықтан, процессуалды шешім қабылдау үшін соттың үкімін күтуге тура келеді»,-дейді. Ал, тұрғындар қалай болғанда да жылдар бойы төлеген ақшамыздың есебін толық алмайынша тоқтамаймыз,-деп бекініп отыр.
Амангелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.