Павлодарда дәстүрлі «Бірлік. Единство. KZ» халықаралық этномәдени форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда дәстүрлі «Бірлік. Единство. KZ» халықаралық этномәдени форумы өтті

27.08.2018

Шекаралас елдер жастарының ынтымақтастығын дамытуға арналған шараға биыл Германиядан арнайы делегация келді.

Форумға бұған дейін тек қана жастар ұйымдарының өкілдері қатысатын. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері белсенділік танытты. Халықтар достығын нығайтуға арналған бірнеше тың жобаларды көпшілікке ұсынды. Жаңа бағытта жұмыс істеуге  Ресей және Германияда тұратын  жастар ниет білдіріп отыр. Ермек Хапизов тарихи отанына бірінші рет келді. Ол Омбылық делегацияның көшбасшысы.

Ермек Хапизов, Омбы аймақтық Ресей халқы Ассамблеясы кеңесінің жастар бөлімі жетекшісі:

- Мен өте қуаныштымын. Қазақстан ұлттар достығын нығайту бойынша көп елдерге үлгі болып отыр. Біз сияқты жастар мұның маңызын өте жақсы түсінеді. Мен осы шарадан Омбы облысы аумағында жастар дипломатиясы бойынша форум өткізу қажеттігін сезіндім. Тақырыбы - ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту.

Мануэль және Люсьена Лиснерлер Германияның тұрғылықты азаматтары. «130-дан аса ұлт пен ұлыстың ауызбіршілігі Қазақстанды бүкіл әлемге үлгі қылды. Мұндағы немістер тілін, дәстүрін біздегілерден артық білмесе, кем білмейді», - дейді олар.

Люсьена Лиснер, Германиядан келген ерікті:

- Біздің келгендегі мақсатымыз ерекше балалармен, яғни, тәрбиесі қиын және мүгедектермен жұмыс тәжірибемізді бөлісу. Ал, ұлттар  бірлігін сақтауды Сіздерден үйренеміз.

Форум соңында Қазақстан мен Ресей жастарының Үйлестіру кеңесі шекаралас аймақтар арасындағы ынтымақтастық Меморандумына қол қойды. Ал, биылғы «Бірлік. Единство. KZ» кубогы Астанадағы «Жаңғыру жолы» республикалық штабына табыс етілді.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу