Кеден одағының нарығына сырттан әкелінетін автокөліктер үшін баж салығының жарнасы төмендейді. Бұл туралы Еуразия экономикалық комиссиясының ресми сайтында айтылған. Қарапайым халық «жарнаның 7 пайызға азайғаны көлік бағасына әсер етуі мүмкін, яғни, автомобиль бағасы төмендейді», деп жүр. Бұл қаншалықты рас? Енді шетелден көлік әкелу тиімді бола ма?
Санаулы күндерден соң Қазақстанға сырттан жаңа көлік әкелу үшін кедендік құнынан 17 пайыз жарна төлеу міндеттеледі. Бұған дейін халық 23 пайыз төлеп келген. Ал, 5-7 жылдан астам қолданыста болған көліктердің баж салығы 22 пайыз болады.
Мысалы, сіз шетелден құны 20 мың доллар болатын көлік алдыңыз. Жаңа талап бойынша, оның кедендік құны 3400 доллар болады. Ал, ескі тәртіппен 4600 доллар берер едіңіз. Сондай-ақ, автомобиль қоғалтқышының әр текше метріне 1,14 еуро төлейсіз. Сонда көлемі 2 литрлік көлік үшін 25-26 мың доллар жұмсайсыз.
Дияс Уәлихан, тәуелсіз сарапшы:
- 7-8 миллионға көлік сатып алдыңыз делік. Қазіргі төмендетілген баж салығының айырмашылығы, теңгемен есептегенде, 350-400 мың теңге шамасында. Қымбат көлік алып жатқан адам үшін ол үлкен сома емес. Сондықтан, шет елде көлік бағасы арзандайды деп айта алмаймын. Керісінше Қазақстаннан алған дұрыс сияқты.
«Бұл жеңілдікті елдегі көлік компаниялары да жасай алады», - дейді сарапшылар. Автозауыттардың ресми диллерлермен өзара келісімі бар. Яғни, су жаңа көлікті машақатсыз елден де ала салған тиімдірек.
Олег Алферов, «ҚазАвтоПром» өндірістер одағы директорлар кеңесінің төрағасы:
- Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерде баж салығы осылай төмен болуы тиіс. Негізі бұл қадам Қазақстан үшін қуанатындай жаңалық емес. Елімізде көлік бағасы аса шарықтап тұрған жоқ. Одаққа мүше Ресейге тиімдірек деп айтсам болады.
Ал, келесі жылы шетел көліктеріне салынатын баж салығы 15 пайызға дейін тағы төмендейді. Өйткені, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде ортақ баға болуы тиіс. Комиссия көліктен бөлек, тағы 95 түрлі тауарға салынатын тарифтерді арзандатуды қолға алмақшы.
Бақытжан ОМАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.