«Ertis» телеарнасы Ресейдің Кемерово облысындағы «Кузбасс» телеарнасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Ұлттық телеарна ТМД елдерімен ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға мүдделі. Мәселен, Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасы Ресейдің Кемерово облысындағы «Кузбасс» мемлекеттік телекомпаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Бүкілресейлік «Қара алтын-2018» медиафорумы аясында қабылданды. Аталған шараға қазақстандық БАҚ өкілдері алғашқы рет қатысты.
Бүкілресейлік «Қара алтын-2018» медиафорумы биыл екінші мәрте ұйымдастырылды. Шараға көмір шығаратын аймақтардағы телеарна, радио, баспасөз өкілдері және блогерлер қатысты. Биыл алғаш рет Қазақстан көмірінің 60 пайызын өндіріп отырған Павлодар облысына арнайы шақырту жіберілді.
Андрей Андреев, «Кузбасс» МТРК директоры:
- Көмірлі өңірлер көп. Олардың технологиясынан бастап, өнім шығарудағы әдістеріне дейін өте ұқсас. Сондықтан, біз көрші мемлекеттердің де бүгінгі шараға қатысуына ынталы болдық. Қазақстандық әріптестеріміздің арқасында медиафорум халықаралық деңгейге көтерілді.
Қазақстан көмірі Ресейдің энергетикалық секторының дамуына ерекше екпін беріп келеді. Себебі, көрші мемлекеттің электр станциялары күлділігі жоғары Екібастұз көмірін пайдаланады.
Гүлнаш Әбішева, облыстық «Ertis» телеарнасының директоры:
- «Кузбасс» телекомпаниясы мен «Ertis» телеарнасы өзара тәжірибе алмасып жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Бұл ниетімізді өзара ынтымақтастық туралы меморандуммен бекіттік. Бұл ретте тренингтер, ақпарат алмасу, достық қарым-қатынасын нығайту бағытында жұмыстар жүргізіледі.
Ресейде өндірілетін қатты отынның 60 пайызы Кемерово облысының үлесінде. Гиннестің рекордтар кітабына енген Екібастұздың «Богатырь» көмір кеніші сияқты «Кузнецк» көмір бассейні де әлемдегі ең үлкен шахта саналады. Шыңыраудан көмір шығару оңай шаруа емес. Журналистер жұмыс барысын өз көздерімен көріп, шеберлік сабақтарына қатысты.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы