«Зерен» республикалық жастар білім беру лагері өз жұмысын қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Зерен» республикалық жастар білім беру лагері өз жұмысын қорытындылады

27.08.2018

Ақмола облысында өткен «Зерен» республикалық жастар білім беру лагері өз жұмысын қорытындылады. Тамызда ашылған орталыққа еліміздің барлық аймақтарынан белсенді жастар келді. Олар 3 ауысымға бөлініп, түрлі тақырыптар аясында білімдерін жетілдірді. 

Алғашқы ауысым «digital-ұрпақ» деп аталып, цифрландыру үрдісіне арналды. Екіншісі «жаңғыру трендтері». Бұл кезең Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын қамтыды. «Бизнес сиқыры» деп аталатын соңғы ауысым жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Үшінші ауысымға келгендердің қатарында Абзал бар. Ол оқыту орталығын ашқан жас кәсіпкер.

Абзал Әәлібеков, кәсіпкер:

- Шын мәнісінде кәсіпкерліктің ғажайыптарымен таныстық. Кәсіпкерлер сабақ үйретті. Білмеген нәрселерді түйіп, өзіміздің өңірімізге барып, алған тәжірибемізді қолданамыз.

Лагерь жұмысы аясында жастарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, сарапшылар түрлі дәрістер оқып, кездесулер өткізді. Қатысушылар 3 негізгі бағыт бойынша 100-ден астам жоба әзірлеген. Оның үздіктері іріктелді.

Асхат Оралов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитеті төрағасының м.а.:

- «Digital-ұрпақ» бойынша 6 жоба, «Рухани жаңғыру трендтері» аясында 9 жоба әзірленді. Сондай-ақ, «Бизнес сиқыры» бойынша қосымша 7 жоба әзірленді. Қорытынды бойынша, 15 күнде 22 жобамыз бар. Келесі аптадан бастап осы нақты 22 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жүргіземіз.

Зерендіге 3 ауысым аясында 300 қатысушы келді. Олардың қатарында жастар ұйымдарының көшбасшылары, белсенділер, кәсіпкерлер бар. Жастардың білімін жетілдіруге бастамашы болған жазғы лагерді келесі жылы да ұйымдастырып, дәстүрге айналдыру жоспарланған.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу