Облыстық филармонияның өнерпаздары жанды дауыста елордалық көрермендерді ән мен жырға, күй мен термеге сусындатты.
«Астана төрім, ордалы елім» атты концерт Қызылорда облысының мәдениет күндері аясында өтті. Өнерпаздардың барлығы облыстық филармонияның өкілдері. Әндерді «Ақмешіт» фальклорлық ансамблі сүйемелдеді.
Үміт Медеуова, ҚР Мәдениет қайраткері:
- 20 жылдық мерейтойға өзіміздің шағын тобымызбен келдік. Бүгінгі концертіміз 3 блогтан тұрады. Жеке әншілер. «Ақмешіт» ансамблінің бағдарламасы және жыршылар блогы.
Домбыраның күмбіріне, қобыздың қоңыр үні мен алты Алашты аузына қаратқан әнші-жыршыларға бай Сыр елінің қойған концертін көрермендер де аса жоғары бағалады.
Мырзагелді Кемел, көрермен:
- Осы үрдіс жалғаса беруі керек. Қай облыс болсын, өзінің өнерпаздарын дамыта түсуі қажет деп ойлаймын. Қызылорда десе, әннен гөрі жырды көбірек тыңдағымыз келеді. Жыр да, ән де, күй де болды.
Кештің басты ерекшелігі - орындалған туындылардың басым бөлігі жергілікті композиторлардың шығармалары. Бұл астаналықтарға кең таралған әндерді емес, жаңа есімдерді, жас дарындарды таныстыру үшін жасалды.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.