Қызылорда облысындағы 293 мектептің үштен бірінде робототехника кабинеті бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы 293 мектептің үштен бірінде робототехника кабинеті бар

24.08.2018

«IT аймақ орда» ресурстық орталығының технопаркі де оқушылар үшін жұмыс істейді. Ал, шағын құрамдағы мектептер «Білім бук» контект құралдармен жабдықталды. Жаңа оқу жылының осы және өзге де жаңалықтары, алдағы міндеттер мен жоспарлары облыстық Тамыз мәслихатында кеңінен талқыланды.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал». Тамыз мәслихаты биыл осы тақырыпта өтті. Оқушылар инновацияның игілігін көреді. Жаңа технология, заманауи үрдіс, технодәуірдің жаңа талаптары. Жаңашылдыққа бет бұрған білім беру саласының бүгінгі бейнесі осы.

Қарлығаш Ақышева, облыстық «Дарын» орталығының директоры:

-  «Білім Ленд» мұғалімдерге арналған білім беру ресурстарына 293 мектебіміз 100 пайыз қосылды. Сонымен бірге, күнделік, электронды журналға облыстағы барлық мектептер қосылды.  

Сыр елі республикада алғашқы болып балабақшаларды автоматты жүйеге көшірді. Яғни, мектепке дейінгі тәрбие орнына бару үшін кезекке тұрудан бастап, оны орналастыру, әрі қарай бақылау, соның барлығы онлайн арқылы жүзеге асады. Білім беру саласы қызметкерлеріне қойылар талап күшеюде. Сондықтан, ұстаздардың білімін жетілдіру, жоғарғы оқу орындарында маман даярлау мәселесіне қатысты ескеретін жайттар бар.

Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:

- Бірнеше ай бұрын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жоғарғы оқу орындарының білім беру бағдарламаларына бағалау жүргізді. Бұл зерттеулер нені көрсетті? Біріншіден, студенттердің уақытын алатын қажетсіз пәндердің көп екендігі анықталды. Екіншіден, ІT-нарықтың қажеттіліктеріне пәндердің оқу бағдарламалары (силлабустар) нарықтың қажеттіліктеріне сай емес.

Ақпараттық технологиялар адам қызметінің барлық салаларына, соның ішінде өндіріске  толыққанды енді. Сондықтан, білім беру  саласына да жаңа форматтағы заманауи көзқарасты кадрлар қажет. Сапалы білім алу үшін сандық маркетингтік қауымдастықпен күш біріктіру керек. Бұл орайда Қызылорда Ресейдің «Кванториум» тәжірибесін жүзеге асыруға, яғни,   жоғары технологиямен жабдықталған балалар технопарктерін құруға ниетті.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу