«Ұлтаралық татулық – ұлттық дастарханнан басталады». Осындай ұранмен Ресейдің Иваново облысына қарасты Ряброво ауылында «Кухонъ» деп аталатын ас фестивалі өтті. Табиғат аясында ұйымдастырылған ерекше шара кезінде алуан халықтың тағамы әзірленіп, бірнеше ұлттың өкілдері бір-бірінің дастарханынан дәм татты. Фестивальға келушілерге, әсіресе, қазақтың қазы-қартасы мен қымызы қатты ұнады. Ұлтымыздың бай дастарханын жиналған жұртқа Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен Ресейдегі қандастарымыз таныстырды.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Өзбектің палауы, армянның далмасы, әзірбайжанның пахлавасы, түркіменнің доғрамасы және әрине, қазақтың қазы-қарта, жал-жаясы. «Кухонъ» деп аталатын ас фестивалінен осы және өзге де ұлттың түрлі тағамдарын табуға болады. Мұнда келген жұрт бір-бірінің ұлттық дастарханынан дәм татып, мәре-сәре болды.
Бұл жер Ресейдің деревнясынан гөрі, қазақтың той болғалы жатқан ауылына көбірек ұқсайды. Жер ошақ қазылып, қазанда Жезқазғанның еті асылып жатыр. Ал одан сәл әрірек, жергілікті қазақтар бауырсақ пісіріп, жүгіріп жүр. Бұдан бөлек, палау, құрт, жент, қымыз және шұбат сынды өзге де астың түрі жайнап тұр. Ал мына бір таба нан Шымкенттен арнайы әкелінген. Қысқасы, дархан даланың кең көңілі мол дастарханнан көрініп тұр.
Бекзат Алтынбеков , ҚХА төрағасының Қарағанды облысы бойынша орынбасары:
- Дастархан кез келген адамның достығы мен бірлігін нығайтады, көзқарасын өзгертеді. Бүгін осындағы ұлт өкілдері өздерінің бар шын көңілімен жайған дастарханы арқылы бір-біріне деген шынайы құрмет, махаббатын көрсетіп жатыр. Бұл сөзден гөрі, нақты іспен іске асып жатқан шаруа деп ұғамын.
Икрам Хашимжанов, Қазақстандағы «Дустлик» өзбек қауымдастығының төрағасы:
- Басқа ұлттың өкілдері, соның ішінде Ирактың бір шетіндегі езиди деген аз ұлттың өкілдері де келіп біздің қазақтың шұбатын, қымыранын, көжесін ішіп таңқалып жатыр.
Фестивальге келген жұрт шынымен де, қазақтың ұлттық тағамдарын көріп таңқалды, дәмін татып таңдай қақты. Сондықтан болар, ел ең көп келген дастархан да біздікі болды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен Ресей қазақтары ұлттық дәмімізді ғана емес, салт-дәстүр мен тарихымызды да баршаға таныстырды.
Абдул Азиз Мераджуддин, «Ауған-Ресей достығы» қауымдастығының төрағасы:
- Біз тәуелсіз Қазақ елінің бұл күндері аяғынан нық тұрғанын білеміз. Бүгін сіздер келіп көпшілікке қазақтың бай мәдениетін, дастарханын көрсетіп жатырсыздар. Осы достығымыз үзілмесін.
Артуш Гарибян, Иваново облысындағы армян диаспорасының жетекшісі:
- Біз Иваново жерінде қазақ халқының өкілдерін көргенімізге қуаныштымыз. Қазақтың ұлттық тағамдары өте керемет екен. Біз сіздердің тек дастархандарыңызбен ғана емес, елдегі ұлтаралық бірліктеріңіз бен достықтарыңыз жайлы да естіп-білдік. Бұл бағытта біздің сіздерден үйренеріміз көп.
«Кухонъ» фестивалі биыл 5-ші рет өтті. Ондағы мақсат - түрлі ұлыстың басын, ұлттық дастархан арқылы қосып алуан халықтың ауызбіршілігін арттыру. Шараны Ресейдің түкпір-түкпірінен жиналған 3 мыңнан аса адам тамашалады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.