Құрбан айт мейрамы тек құрбандық шалумен шектелмейді. Бұл маңайыңдағыларға мейірім көрсетіп, ізгі іс жасалатын мереке. Алматыда қайырымды жандар көпбалалы ананың үй салуына керекті құрылыс материалдарын түсіріп берді. Былтыр Ұлттық арна тілшілері қақаған қыста ескі моншада босанғалы отырған көпбалалы ана Гүлбану Ысқақованың ауыр жағдайы туралы ақпарат берген еді. Жетінші баласын босанған батыр ана шиттей бала-шағасымен сол тар бөлмені қыстауға мәжбүр болған. Ұлттық арнаның араласуымен жер алған ана бүгін қайырымды жандардың көмегімен үйінің қабырғасын қалап қуанышқа кенелді.
Қасиетті Құрбан айт мерекесі күні батыр анаға көмектескен атымтайдай жомарт жандар көп болды. Солардың бірі Тоқан Ботабеков 4000 кірпіш түсіріп берді. Бұл ел азаматтарының қоғамдағы жағдайға бей-жай қарамайтындығын көрсетеді.
Тоқан Ботабеков, жеке кәсіпкер:
- Барлықтарыңызды Құрбан айтпен құттықтаймын. Телерна арқылы естіп осындай көпбалалы аналарға біраз құрылыс материалымды әкеліп бердім. Әрқашанда осындай аналарды құрметтеуіміз керек. Өйткені, болашақта бұл кісілердің балалары үлкен азамат болады. Қазақтың санын көбейтеді.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
- Міне, мен Әбдиевтер әулетінің үйінің қабырғасының алғашқы кірпішін қаладым. Көпшіліктің көмегімен іске асып жатқан шаруаға әсіресе, көпбалалы ананың балалары қуанып жүр. Өйткені, кісі есігін күзетудің не екенін көрген. Сондықтан, олар «өз үйім - өлең төсегім» деген сөзді жан жүйесімен, жан жүрегімен сезінеді. Егер Әбдиевтер әулетіне көмек беремін десеңіз сіз де бір кірпіш әкеліп қаласаңыз, болмаса қаржылай көмек берсеңіз болады.
Алмабек Амантайұлы, «Хикмет» қорының өкілі:
- Осы көпбалалы анаға қол ұшын берулеріңізді сұраймыз.
Неше жылдан бері тағдыр теперішін көріп, бала-шағасымен адам төзгісіз жағдайларды басынан өткерген ананың қайырымды жандарға алғыстан басқа айтары жоқ.
Гүлбану Ысқақова, батыр ана:
- Бірінші, мына халқыма рахмет. «Qazaqstan» телеарнасына, «Зекет» қорына рахметімді айтамын. Жұмыстарыңыз алға баса берсін. Кірпішіміз қаланып жатыр соған қуаныштымыз. Енді салқын түсемін дегенше кіріп алсақ екен.
Көпбалалы отбасының қоныс тойын тойлайтын күні де алыс емес. Батыр ананың ендігі тілегі – сол күнге балаларын ауру-сырқаудан аман жеткізу. Ел демографиясына үлес қосып жүрген отбасының жағдайы әрдайым Ұлттық арнаның назарында болады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.