Қолжетімді баспана, жайлы жатақхана. Жеңілдетілген салық пен шағын несие көлемін көбейту. Ауыл-аймақты көгілдір отымен қамту. Президенттің осы 5 әлеуметтік бастамасының өңірлерде жүзеге асуын бақылау үшін републикалық қоғамдық кеңес мүшелері Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды.
Өңірде көгілдір отымен қамту ісі көш ілгері. 181 елді мекен газбен қамтылған. 2025 жылға дейін олардың санын 354-ке жеткізу жоспарда. Жатақхана жайы да жолға қойылып келеді. Бұрынғы «Тараз» қонақжайы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасы ретінде қайта жасақталуда. 190 студент биыл осында тұрады. Ал, шағын несиелендіру бойынша 514 жоба мақұлданған. Несие көлемі 1,6 млрд. теңге. Ерекше назарға алынған бағыт - «7-20-25» бағдарламасы. Өңірде 13 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. 7 үй қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Жыл соңына дейін 1570 пәтер пайдалануға беріледі. Бағдарлама бойынша 9 мыңдай азаматты баспанамен қамту көзделген. Жаңа мөлтекауданның құрылысымен танысқан қоғамдық кеңес мүшелері әлі де атқарылар жұмыстардың баршылық екендігін алға тартты.
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңа мөлтекаудандар құрылып, 10 шақты үй тұрғызылып жатыр екен. Мұның барлығы құптарлық. Оның бағасы да қазір тиімділеу. Бір шаршы метрі 141 мың теңге екен. Алғашқы жарнаны төлей алатын 6 мыңдай адам жинақ банкінде салымшылар болып табылады екен.
Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.