Басты Жаңалықтар Алматыда электр бекеттері көбейді

Алматыда электр бекеттері көбейді

Алматыда электромобиль көліктеріне арналған бекеттер көптеп салына бастады.Себебі, қала тұрғындары «ЭКСПО» көрмесінен кейін «жасыл» энергияға көңіл бөліп, жаппай электромобильге отыра бастаған. Сондықтан, оларға ыңғайлы жағдай туғызу үшін электр бекеттерінің санын арттыру жоспарланып отыр.

Алматылық Сәкен Айтжанов күнделікті жұмысын бітіруге электромобиль көлігінің күшін қолданады. Себебі, жеке кәсіпкер күн сайын 300-400 шақырым жол жүреді. Сондықтан, ол шығыны мүлде жоққа тән өзін-өзі қуаттайтын гибрид көлік мінеді.

Сәкен Айтжанов, жеке кәсіпкер:

- Бұл электромобильдің тиімділігі табиғатқа пайдалы. Экология құртылмайды. Мысалы, қаланың әр бұрышында, сыртында кәдімгі жанармай бекеттері тұр. Сол сияқты осы электромобиль көліктеріне де әр қаланың бұрышына электро бекеттер қажет.

Жолды жүрген біледі демекші қуаттандыру бекетінің қажет екендігін экологиялық таза көлікті тізгіндеп жүрген Сәкен сияқты азаматтар жақсы біледі. Қазір еліміздің басқа өңірлерінде мұндай бекеттер жоқ. Сондықтан, қаладағы 500 электромобильге мегаполистен шығу қиын. Осы себепті биылдан бастап қалада электр бекеттерін көптеп салу қолға алынды.

Ерлан Омаров, қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

- Он тоғыз бекет орнатылған болатын.  Қала бойынша тағы да 47 мекен-жай бойынша тағы да сондай электро бекеттер орнатылатын болады. Экологиялық тұрғыдан айтқанда бұл өте тиімді.

Қазір мегаполисте ресми түрде 550 мың көлік тіркелсе, сырттан күніне 250 мыңнан аса машина кіреді. Яғни, қалада бір күнде 800 мың көлік қозғалыста болады. Оларға 200-ден аса жанармай құю бекеті қызмет көрсетеді. Осынша көлік күн сайын қаланың ауасын ластайды.

Ал, «ЭКСПО» көрмесінің басты тақырыбы болған «жасыл» технологияны дамыту, мегаполистің тұмса табиғатын сақтауға ықпал етпек. «Сондықтан, электр бекеттерін көбейту көзделіп отыр», - дейді мамандар.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу