Қарағанды облысында Бұқар жыраудың 350 жылдығына ас берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында Бұқар жыраудың 350 жылдығына ас берілді

20.08.2018

Биыл халқымыздың кемеңгер ойшылы, Абылай ханның кеңесшісі, мемлекет және саясат қайраткері Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толып отыр. Осыған орай бабаның туған жері Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында ас берілді. Рухани тағылымы мол торқалы тойға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, саясат және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қазақ тарихы мен әдебиетінің көрнекті өкілі, тоғыз ханның кеңесшісі, ел тағдыры таразыға түскен қиын-қыстау заманда бірлік пен ынтымақты ту еткен Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған ас өзіндік сән-салтанатымен өтті. Халық «Көмекей әулие» атап кеткен бабамыздың туған өлкесіндегі той алаңына 100-ден астам киіз үйлер тігілді. Жалпы, тойға 10 мыңнан астам халық жиналады деп болжам жасалған еді. Алайда, жұршылық қарасы одан да көп. Мұның өзі еліміздің бабалар рухына деген сый-құрметінің ерекше екенін білдіреді.

Торқалы тойға арнайы келген мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен делегация өкілдері алдымен бабаның туған өлкесіндегі Далба тауының етегіндегі кесенесіне барып, тағзым етті. Ал, той алаңында өткен  салтанатты шара театрландырылған қойылыммен ашылды. Гүлшара Әбдіқалықова жиналған жұртшылыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баба мерейтойына арналған құттықтауын оқыды.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Біз ұлы бабамыз арман еткен біртұтас ұлт, қуатты мемлекет болуды жүзеге асырған бақытты ұрпақпыз. Сондықтан, Бұқар жырау мұра еткен ел тағдыры, ұлт бірлігі мәселесі халқымыз үшін әрдайым өзекті болып қала береді.

Салтанатты шара барысында саяси тұлғалар, зиялы қауым өкілдері де сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, отандық өнер жұлдыздары Роза Рымбаева, Алтынай Жорабаева, Жәмила Баспақова, жергілікті ұжымдар мен тәжікстандық фольклорлық ансамбль концерт қойды.

Жалпы, Бұқар жырау Қалқаманұлының  350 жылдығына арнап облысымызда атқарылып жатқан іс-шаралар көп. Атап айтсақ, «Көмекей әулие» туралы деректі-көркем фильм түсіріліп жатыр. «Бұқарекең жырлайды» атты аудандық мәнерлеп оқу, ақын-жыршылар сайысы болды. «I Халықаралық жыршы-жыраулар фестивалі өтті. Бұған қоса, бабаның туған жерінде жас кәсіпкерлерге 1 миллион теңгеден он грант үлестірілген болатын. Енді алдағы уақытта ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Аманжол Әлтаев, айтыскер ақын:

- Біздің ата-тегіміздегі асыл, бекзат қасиетіміздің, бүкіл жан дүниеміздегі ұлы қасиеттің барлығын көрсететін үлкен ұлы көрсеткіштің бірі ол-Бұқар жырау бабамыз.

Торқалы тойда баба мұрасын барынша насихаттауға мән берілген. Арнайы көрме ұйымдастырылды.

Ал, ұлттық спорттық ойындардан өткен жарыс тойды қыздыра түсті. Жеңімпаздарға құрылған жүлде қоры да қомақты. Асығы алшысынан түскен спортшыларға  «Toyota -55», «Toyota -70», «Toyota прадо» көліктерін және Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер берілді. «Жалпы баба тойына арнайы құрылған қорға жиналған қаражат 50 миллион теңгені құрады», - дейді ұйымдастырушылар. Алайда, ел үшін бастысы бұл емес. Ең қымбаты Бұқар жырау бабаның тарихи тұлғасының, рухани мол мұрасының ұмыт болмауы екені хақ.  

 Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу