Қазақстан Каспий теңізінің мәртебесі туралы конвенцияны жақын арада ратификациялайды. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Зульфия Аманжолова айтты. Сыртқы істер министрлігі бұл жұмысқа жедел кірісіп, құжатты құзырлы органдардың қарауына жібереді. Халықаралық құжатты ратификациялау рәсімнің мерзімдері мен арнайы тәртіптері бар. Дегенмен, министрлік бұл жұмысты көп кешіктірмей аяқтауға мүдделі. Айта кету керек, өткен аптада Ақтауда өткен Каспий маңы елдері президенттерінің саммитінде аталған құжат қабылданған болатын. Оның жобалық нұсқасы өткен жылдың соңында Сыртқы істер министрлерінің деңгейінде келісілген еді.
Зульфия Аманжолова, ҚР СІМ Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі:
- Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы заңына сай халықаралық құжаттарды тек күшіне енгеннен кейін ғана жариялауға болады. Дегенмен, конвенцияның мәтіні Ресей Федерациясы президентінің сайтында жарияланған.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.