Жамбыл облысында жыл басынан бері 17 адам суға кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жыл басынан бері 17 адам суға кеткен

16.08.2018

Жамбыл облысында суға кеткен 10 жасар баланың денесі 4 тәуліктен бері іздестірілуде. 12 тамыз күні Шу қаласындағы «Солжағалау» магистральді каналына 10 және 11 жастағы екі бала батып кеткен. Қазір 120 адам  бүлдіршіннің денесін су бойынан іздестіріп жатыр.  

Рұқсат етілмеген жерде суға түсіп, батып кеткен балалардың бірінің денесі бір тәуліктен кейін судан шығарылған еді. Ал екінші бүлдіршіннің денесін іздестіруге төтенше жағдай, ішкі істер бөлімі  қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардан құралған 120 адам жұмылдырылған. 8 техника жағалауда жұмыс істеп жатыр. Әзірге іздеу жұмыстары нәтиже берген жоқ.

Медет Көбегенов, ауыл тұрғыны:

Суды азайттық. Су азайғаннан кейін кешіп тұрып, ішіне түсіп, қамыстың арасында қалып қалды ма, соның бәрін қарадық. Ешқандай әлі нәтиже жоқ.

Балтабай Салықбаев, атасы:

Күнде ойнап жүрген бала. Әке-шешесі жұмыста. Алланың жазуы ғой енді. Ажал келсе қалмайсың деген сөз ғой. Солай болды-ау деймін. Ешкімге қоятын кінәміз жоқ.

Жалпы, жыл басынан бері Жамбыл облысында 16 қайғылы оқиға тіркеліп,  17 адам суға кетііп, қайтыс болды. Оның  10-ы балалар.   

Қуанышбек Қалжанов, Жамбыл облыстық ІІД ювеналды полиция басшысы:

Балаларыңызға сақ болыңыздар, ішіп суға түспеңіздер деген қағидамен біз 271 жерге жарнамалар іліп, бассейн иелерімен жеке сұхбат жасап, көрсеттік.          

Омар Тәкеев, Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы:

Білім басқармасымен бірлесіп, бірнеше рет осындай рейдтер, ата-аналар жиналысын да өткіздік, қаншама халыққа жеткізсек те ата-аналардың немқұрайлылығынан, балаларына қарамау себептерінен, маусым айынан бастап бүгінгі күнге дейін 10 бала су айдындарында қайғылы жағдайларға ұшырап отыр.

Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамай, балаларды бақылаусыз қалдырудың соңы осындай қайғылы жағдайға әкеліп соғуда.

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ        

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.                             

Хабарламаларға жазылу