Қарағанды облысында жыл басынан бері балалардың терезеден құлап кету оқиғасы он төртінші рет қайталанып отыр. Күні кеше ғана кеншілер қаласында 4-ші қабаттан үш жастағы сәби құлаған. Тұрғын үйге жапсарлас орналасқан ғимарат үстінде сұлық жатқан баланы құтқарушылар жұмсақ зембілдің көмегімен, альпинистік құрылғыларды пайдалана отырып төмен түсірді.
Жазатайым жағдайдан бүлдіршіннің миы шайқалған. Бастапқыда облыстық медициналық орталықтың жансақтау бөліміне жеткізілген. Қазір халі орташа. Облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.
Бұған дейін Қарағандыда, Теміртауда, Жезқазғанда осындай терезеден құлау салдарынан балалардың жарақаттануы мен қаза болу жайттары тіркелген болатын.
Айдана Жүніс, облыстық ТЖД ресми өкілі:
- 14 бала облысымызда терезеден құлаған болатын. Оның ішінде үш бала мерт болды. Сондықтан да ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, тиянақты түрде қарауға шақырамыз.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.