Маңғыстаудың өңірлік ішкі жалпы өнімінің 1,2 пайызын туризм саласы құрайды
Туризмді дамыту – елімізде қолға алынған басым бағыттың бірі. Мемлекет басшысы осы мәселеге айрықша мән беріп, халыққа арнаған Жолдауында отандық туризмді өркендетуді тапсырғаны белгілі. Себебі, көзін тапсаң, туризм саласынан түсетін табыс көл-көсір. Сондықтан, қазір Маңғыстау облысында бұл бағыт бойынша жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.
Әсем Сартбаева, тілші:
- Жарқыраған жартастар. Өлке тарихынан сыр шертетін таңбалар мен бейнелер. Жағалауды жағалай жатқан сүрлеу жол. Бұл - бұрын-соңды ақмаржан Ақтаудың жағажайында болмаған көрініс.
Теңіз жағалауында жүзеге асқан бұл жоба - «Жартасты соқпақ» деп аталды. Айналасы 6 айдың ішінде мына биік қабырғаларға түрлі-түсті жарық тартылып, айнала адам танымастай өзгерді. Сонымен қатар, үңгірлер абаттандырылып, Маңғыстаудың көне тарихынан сыр шертетін жазулар мен суреттер тасқа қашап жазылды. Осылайша 1,5 шақырымға созылып жатқан бұл маң көпшілік келетін көрікті мекенге айналды.
Гүлжан Жақыпова, қала тұрғыны:
- Осы қаламыздың, Қазақстан өлкесінің көркеюі Елбасымыздың арқасы деп ойлаймын. Барлықтарымыз аман болайық.
Ләззат Сапашова, қала тұрғыны:
- Атырау қаласынан Ақтауды тамашалауға келдік. Өте керемет, қыдырдық, жақсы демалдық. Шаршасақ та жақсы әсер алып, көріп тұрмыз. Ақтау халқына көп рахмет.
Ақтауда жаңадан ашылған нысанның тағы бірі - ашық аспан астындағы амфитеатр. Заманауи үлгідегі көпфункционалды сахнаның ұзындығы 70 метр, бағаналарының биіктігі 9 метр. Бұл жерде бір мезетте 25 мың адам, мыңға тарта әртістің өнерін тамашалай алады. Яғни, бұл түрлі фестивальдер мен концерттер өткізу үшін таптырмайтын алаң.
Пәния Сармурзина, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы:
- Амфитеатрдың республикада теңдесі жоқ. Бұл маңғыстаулық өнер, мәдениет қызметкерлерінің көп жылғы арманы болатын. Халық үшін өнерпаздарды тамашалау әркімге бұйыра бермеген бақ. Сондықтан, бұл амфитеатрдың маңызы ерекше.
Жалпы осындай заманауи нысандармен қатар, Маңғыстаудың аңызға толы тау-тасы да туристерге қызық. Өйткені, еліміздегі тарихи ескерткіштердің үштен бірін осы өлкеден табасыз. Мәселен, былтыр Шерқала, Отпан таулары мен Көгез этноауылының өзіне 200 мың турист келіп-кеткен.
Қазір Маңғыстаудың өңірлік ішкі жалпы өнімінің 1,2 пайызын туризм саласы құрайды. Мамандар, 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 4 пайызға өседі деп отыр.
Әсем САРТБАЕВА
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы