Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев қызметінен кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев қызметінен кетті

13.08.2018

Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің этика жөніндегі кеңесі де Тұмабаевтың өз қызметіне толықтай сәйкес еместігін мәлімдеген болатын. Естеріңізге сала кетейік, Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев мас күйінде көлік жүргізіп, 19 жастағы азаматты қағып өлтірген кезде Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев қасында болған. Әрі оның оқиға орнынан сол көлікке отырып қашып кеткені анықталды. Қоғамда қызу пікірталас тудырған осы оқыс оқиғадан соң Бауыржан Құрманбаев жәбірленуші тараппен татуласып, соттың шешімімен 1 жылға шартты жазаға кесілді. Ал, бұл процеске тек куәгер ретінде қатысқан Қуат Тұмабаев сотталмаса да, ақыры қызметімен қош айтысты.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Қалыптасқан осы жағдайдан соң Қуат Тұмабаевтың бұл жоғары мемлекеттік қызметте отыруға моральдық құқығы жоқ. Сондықтан, мен оған өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш жазуды ұсындым. Енді жақын уақытта облыс орталығында жаңа әкім тағайындалатын болады.

 

Айдана ДАЙЫРОВА

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу