Мажарстанда бауырлас халықтардың құрылтайы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мажарстанда бауырлас халықтардың құрылтайы басталды

10.08.2018

Бүгін Мажарстанда түбі бір туысқан халықтардың дәстүрлі құрылтайы басталды. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын шараға түркі тілдес ұлттардың өкілдері түгел жиналды. Құрылтайдың кең құрамдағы делегаттарының бірі Қазақстаннан барған өкілдер. Біздің делегация құрамында 60-қа жуық өкіл бар. Оның ішінде өнер адамдары мен мәдени сала мамандары және  ғалымдар бар. Сондай-ақ, биылғы құрылтайға Қазақстаннан ұйғыр ұлтының өкілдері де қатысуда. Бірер сағат бұрын құрылтайдың ресми бөлігі басталды. Шараға келген ұлттар мен ұлыстарды Венгрия парламентінің басшылығы қабылдады.

Мажарстан мен Венгрияның символы болып есептелетін Парламент ғимаратына түрлі ұлт өкілдері ұлттық киімдері мен туларын ұстап сән-салтанатпен кірді. Құрылтайдың мәдени бөлігі сенбі-жексенбі күндері өтеді. Ашық аспан астындағы мәдени шаралар Будапешт маңындағы Бугац елді мекенінде ұйымдастырылмақ. Биылға шараның басты ерекшелігі, құрылтай мерейтойлы оныншы рет өткелі отыр.

Құрылтайдың басталуы Абай Құнанбайұлының 173 жылдығымен сәйкес келген. Осыған орай, қазақстандық делегация мүшелері бүгін Будапешттің орталық саябағындағы Абай Құнанбайұлы мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізеді.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу