Қостанайда 27 электромобиль құрастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда 27 электромобиль құрастырылды

09.08.2018

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне ұсынылған жобалардың бірі Қостанай зауытында өндірілетін электромобильдер. Елбасы өз Жолдауында экспортқа негізделген экологиялық таза автокөлік өндірісін дамытуды тапсырған болатын. Жергілікті мамандар оның жүзеге асуы отандық автоөндіріс саласының дамуына серпін береді деген пікірде. Қостанай зауытында құрастырылған электромобильдер қазірдің өзінде тұтынушылардың зор қызығушылығын тудырып отыр.

Қостанайдағы автозауытта осы уақытқа дейін 27 электромобиль құрастырылды. Олардың бірқатары автосалондарға жіберілсе, қалған бөлігі сынақтан өтуде. Бастапқы нәтиже тоқпен жүретін көліктердің тиімділігін көрсетті. Ауаны ластамайды, үнемді. Тегіс жолда сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүйткиді.

Александр Свадьбин, автозауыт директорының орынбасары:

- Бір көлікті толық қуаттандыруға 40кВт электр энергиясы жұмсалады. Егер ақшаға шақсақ, сол аралыққа кететін бензиннен кем дегенде 3 есе арзанға түседі.

Электромобильдерге сұранысты арттырудың басты шарты - инфрақұрылымды дамыту. Осы мақсатта Үкімет еліміздегі күре жолдардың бойына қуаттағыш станциялар салуға 300 млн. теңгеден астам қаржы бөлуді мақұлдады.

Сергей Могилатов, автозауыттың техникалық директоры:

- Жанармай құю станциялары барлық жерде бар. Электромобильдерге де сондай қызмет көрсететін орындар керек. Көлігін қуаттандыратын, жөндейтін, батарея ауыстыратын кезде қиындық  туындамайтынын білсе, сатып алушылар көбейері сөзсіз.

Қазір кәсіпорын инновациялық өнімді экспортқа шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр.   Алдымен электромобильдерді Ресей мен Орта Азия елдеріне өткізу жоспарланған. Әсіресе, Қостанайдың орналасқан жері, теріскейдегі көршіміздің жақындығы бұл жобаны жүзеге асыруға аса қолайлы.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу