Атыраулық 70 жастағы әжей экзотикалық бақ өсірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық 70 жастағы әжей экзотикалық бақ өсірді

08.08.2018

Оның бақшасында 500 өсімдіктің түрі бар. Көпшілігі елімізде сирек кездесетін теректер мен гүлдер.

Қазына әжей таң сәріден кеш батқанға дейін осы бақта. Ол үшін әр өсімдіктің орны ерекше. Аса ұқыптылық пен жауапкершілікті қажет ететін бағбандық кәсіп, өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

Қазына Бөреева, бағбан:

- Табиғатты, өсімдікті өте жақсы көремін. Шаршағаныма, шалдыққаныма қарамаймын. Осы өсімдік десе, тамақ ішпесіме пейілмін. Таңертең арасына кіріп кетсем, кешке дейін тамақ ішпестен жүре беремін. Өсімдіктің арасында кешке қарай, кеш болғанын бірақ білемін.

Бақтан жеміс ағашын көптеп кездестіруге болады. Тіпті, Атырауға жерсіне қоймайтын жаңғақтың сан алуан түрі бар. Сондай-ақ, мұнда дәрілік шөптер де жетерлік. Жидектен аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал, жапондық сапора терегі құдды бір бақтың сәніндей жайқалып өсіп тұр.

Бұл бақтағы экзотикалық өсімдіктің бірі – юкка. Бұл тек қана Оңтүстік Америкада ғана кездеседі екен. Сол жақтың тұрғындары жапырағынан киім тоқиды деседі. Ал, кейіпкеріміз дәл осы өсімдік түрін жерсіндіру үшін бірталай еңбектеніпті.

15 жылдан бері экзотикалық бақ өсіруді қолға алған әжей, өзге елге барғанда ең алдымен өсімдік сататын дүкенге аялдайды екен. Кейін баққа әкеліп отырғызып, бар күтімін жасайды. 

Толқын Бердіқұлова, тұрғын:

- Атыраудың климаты өте қатал. Көп өсімдік өсе бермейді. Қазына әже тынбай еңбектену мен ізденудің арқасында сирек кездесетін өсімдіктерді өсірді. Шындығында, бұл әрекетін баға жетпес өнерге балар едім.

Несібесін жерден тапқан Қазына Кәрімқызы ендігі кезекте тропикалық жеміс-жидек түрлерін өсіруді көздейді. Ол әсем бақта киви мен інжір ағаштары жайқалып тұрса деп армандайды. 

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ   

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу