Жемқорлықтың алдын алу үшін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы базасында «Адал жол» кеңсесі ашылады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры Данияр Сабырбаев мәлімдеді. Алдағы уақытта осы теміржол билеттері заңды түрде сатылуы үшін тексеріс те жүргізілмек. Агенттік өкілдерінің сөзінше, пойыз билеттерін нарық бағасынан 50%-ға қымбат сатқандар да анықталыпты.
Данияр Сабырбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры:
- Қазіргі таңда кеңсені ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Менің ойымша, бұл кеңсені келесі аптада ашамыз. Ол агенттіктің бақылауында болады. Бұрын-соңды Қазақстанда мұндай кеңсе болмаған.
Агенттік өкілдерінің сөзінше, елімізде соңғы кездері парақорлардың саны көбейген. Мәселен, таяуда Астанада мемқызметкер 30 мың доллар пара алмақ болды. Күдіктінің Мемлекеттік кірістер комитетінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Ол 30 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы алуға оқталған. Осы оқиғаға қатысты тергеу басталды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында да қытайлық тауарларды өткізгені үшін ақша алған осы саланың бірнеше қызметкері ұсталған.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.