Сиырдың сүтінен қымыз дайындалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сиырдың сүтінен қымыз дайындалады

08.08.2018

Сиырдың сүтінен қымыз. Түйе сүтінен балмұздақ. Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Ару ана» сүт өңдеу цехында осындай ерекше тағамдар дайындалады. Табиғи таза ұлттық өнімге  сұраныс күннен-күнге артып келеді. 

Бұл жерде сүттің барлық түрі өңделеді. Соның ішінде сиырдың сүтін аэрациялау арқылы қымыз алуға болатынын технолог Баян Дүйсенбек дәлелдеді. Яғни, сусын ауамен қанықтыру әдісімен әзірленеді. Әрине, ол биенің бал татыған сары қымызындай емес, бірақ, дәмі соған ұқсас, сәл қышқылтым сусын көпшіліктің көңілінен шығады деп сенеді Баян. 

Баян Дүйсенбек, технолог:

- Дәмі және сапасына келетін болсақ, кәдімгі қымызбен тең дәрежеде деп айтуға болады. Қазір оны патенттеп жатырмыз. Келесі жылдан бастап Қазақстан көлемінде шығару жоспарымыз бар.

Ал, шұбаттан дайындалған балмұздақты жұртшылық ұнатты. Жапониядан әкелінген құрал-жабдық арқылы күніне 200 литр түйе сүті балалар сүйіп жейтін дәмге айналады. Жалпы, цехта тәулігіне 600 литрден астам шұбат дайындалады.

Сабыр Ермаханов, кәсіпорын директоры:

- Біздің шығарып жатқан шұбатымыздың майлылығы 6 процент. Қазақстан бойынша алты процентке ешкім жеткен жоқ. Өнімдерді көбейтсек пе деген ойдамыз.

Шұбат 98 градуста қайнатылып, содан кейін арнайы құтыларға құйылады. Мұндағы өнімді екі айға дейін сақтауға болады. Егер технология жетілдірілсе, қымыранның жарамдылық мерзімін 1 жылға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу