Алматы метросының «Қалқаман» бекетіндегі жұмысының кешеуілдеуіне бас жоспардың дұрыс бекітілмегені себеп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы метросының «Қалқаман» бекетіндегі жұмысының кешеуілдеуіне бас жоспардың дұрыс бекітілмегені себеп

07.08.2018

Алматы метросының үшінші іске қосу кешенінің тұралап, «Қалқаман» бекетіндегі жұмыстың кешеуілдеуіне метроның бас жоспарының дұрыс бекітілмегені әсер етіп отыр. Себебі, жоспар бірнеше рет өзгерген. Сондықтан, метро желісі өтетін жерге үйлерін енді ғана тұрғызып болған қала тұрғындарының екі-үш жылдық еңбегі еш кететін түрі бар. Осы себепті, тұрғындар үш он жылдықты артқа тастаған жерасты жолын жоспарлаған жауапты мамандардың жауапсыздығына қапалы.

Алматылық Әбдісалих Иманбаев тек метроға мінеді. Өйткені, үлкен қаланың кептелісінен әбден шаршаған. Сондықтан, ол діттеген жеріне жету үшін кедергісі жоқ жерасты жолын ғана пайдаланып жүр. 

Әбдісалих Иманбаев, қала тұрғыны:

- Метро желісі өте жақсы қойылған. Метромен жұмысқа тез барасың, тез қайтасың.

«Уақыт – бақыт» деген сөздің салмағын мегаполиске келіп, кептеліске түскен адам бірден сезінеді. Сондықтан, олар жаппай метро желісін қолдануға мәжбүр. Алайда, кептеліссіз жолдың бағыты қысқа. 

Метроның жаңа бағыттарын ашып, оған қажет бекеттерді іске қосуға кедергі көп. Себебі, метро өтетін жерге жеке үйлер тұрғызылған. Оларға үйді салуға рұқсат берген тиісті мамандар болашақта жерасты жолы салынатынын айтпаған.  

Алматыдағы «Жайлы» шағынауданында 100-ге жуық үй бар. Бірақ, олардың ықшамаудандары жайлы деп аталғанымен, атына заты сай жайлы болмай шықты. Жайсыздық туғызғаны сол, үйлердің 20-сы биыл бұзылады. Алайда, бұған тұрғындар наразы. Себебі, олардың үй құрылысын бастағандарына екі жыл да болмаған. Сондықтан, баспанасын салып бітіп, енді еш алаңсыз өмір сүреміз деген көпшіліктің көңілі алаңдаулы.  

Светлана Литвинова, қала тұрғыны:

- Бізге бұрын ескерткен жоқ. Ал, жоба 2014 жылы бекітілген екен. Онда бізге не үшін екі жыл бұрын 2016 жылы үй тұрғызуға рұқсат берген. Біз үйді енді бітіріп, енді кірдік. Сонда мына үйлерді бұзу керек пе? Біз бұған қаншама материалдық шығын, моральдық күш жұмсадық. Енді бір күнде «бұзамыз», дейді. Сұмдық қой. Мұны қалай түсінуге болады? Бізге кім түсіндіріп береді?!

Ал, үйлері бұзылатын тұрғындарға жағдайды түсіндіріп беретін метрополитен басшыларының уақыты жоқ сияқты. Олар «тұрғындарға алдын ала ескерткенбіз», деп қысқа қайырды. Айтуларынша, ескертуге жайлылықтардың өздері назар аудармаған. Сондықтан, басшылық жеме-жемге келгенде, «ескертпеді дегендері бос сөз», деп бет бақпай отыр. 

Мақсат Сейтқұлов, «Метрополитен» КМК Күрделі құрылыс қызметінің бөлім басшысы:

- «Жайлы» шағынауданының тұрғындары қарсы болды. Олғарға «Метрополитен» ресми түрде хат жіберді.

Қалай дегенмен, жерасты жолының қала орталығындағы кептелісті сейілткені рас. Алматы метросын салудағы ең бір күрделі жағдай шаһардың жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасуы. Сондықтан, құрылыс технологиясының талаптары қатаң сақталуы тиіс. Осы себепті, жауапты мамандар жердің астының жайын ойлап, жердің бетіндегі тұрғындардың жағдайын ескермегенге ұқсайды. Ал, бұл 30 жыл күткен метро құрылысының тезірек аяқталуына кедергі келтіріп жатыр.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу