Павлодар облысына шетелден және еліміздің оңтүстік өңірінен 380 отбасы қоныс аударады
Павлодар облысына шетелден және еліміздің оңтүстік өңірінен көшіп баратын азаматтарға арналған квота биыл екі есеге ұлғайып, 380 отбасы қоныс аударады деп жоспарланып отыр. Оларға баспана беріліп, жұмысқа орналасуына көмектеседі. Мәселен, былтыр солтүстікке барған қандастарымыз жергілікті жағдайға әбден бейімделіп алған. Аз уақытта азын-аулақ қор жинап, кәсібін ашып жатқандары да бар.
Успенка Ресеймен шекаралас аудан. Былтыр мұнда 9 отбасы көшіп келді. Мәдікәрім Ниязтаев бұл жаққа Түркістан облысынан алғаш сауда-саттық жасау үшін келген екен. Ертіс бойындағы шұрайлы алқаптарды көріп, бірден қызығыпты. Отбасымен ақылдасып былтыр қоныс аударды. Бірден шаруа қожалығын ашып, мал алған. Қазір 80 бас жылқы, 200 ден аса ірі қара ұстайды.
Мәдікәрім Ниязтаев, Константиновка ауылының тұрғыны:
- Келешектегі жоспарым малдың «ангус» тұқымын өсіру. Кейін сүтті сиыр сауып, сары май шығаруды жоспарлап жүрміз. Шымкентте жайылымдық жерлер жоқ болғаннан кейін, мұнда келіп, тірлік қылайын дедік.
Бұл Адал Хамитханның тіркемесіне жүк артып, Қытайдан мініп келген тракторы. Жергілікті тұрғындар басында «бұл қалай?», деп таңырқаған. Қазір топырақ аудару, шөп тасу жұмыстарына осы техниканы пайдаланады. Ал, алыстан ат арытып келген ағайын биыл жер телімін алып, бұрын бұл жақта егілмеген бұршақ дақылын өсіріп жатыр. Күзгі орақ кезінде көршілерін жұмысқа алмақ.
Адал Хамитхан, Ольгинка ауылының тұрғыны:
- Қазақстанға не аламыз деп емес, не береміз деп келдік. 12 миллион теңгеге үй, мал алдым.
Адал Хамитхан айналасы бір жыл ішінде сиыр санын 70-ке жеткізді. Алдағы уақытта сүт пен ет өңдейтін шағын цех ашпақшы. Ерінбей еңбек етіп, тұрмысын тіктеген ағайын бұл жетістігін «жердің құты, халықтың пейілінің арқасы», - дейді.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы