Қызылордада апатты үйлердің мәселесі шешілмей келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада апатты үйлердің мәселесі шешілмей келеді

06.08.2018

Қызылорда қаласында апатты үйлердің мәселесі әлі шешілмей келеді. Титов кентіндегі 60 жыл бұрын салынған екі қабатты баспаналар құлайын деп тұр. Ескі үйдің тұрғындары бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады. Тәуелсіз сараптама «үй апатты» деп қорытынды берген, бірақ, билік  баспананы жөндеуге болады дейді.

Үйдің қандай жағдайда екені кіре берістен де көрініп тұр. Қабырға құлап жатыр, баспалдақтар мүжілген. Жоғары қабатқа көтерілудің өзі қауіпті.

Биыл бұл үйге бір емес, екі мәрте техникалық зерттеу жүргізілді. Біріншісі, тұрғындар шақыртқан  тәуелсіз сарапшылар, баспананы «апатты жағдайда» деп таныса, қала әкімшілігінен келген арнайы комиссия «үй жөндеуге жатады» деген қорытынды берген.  

Әлима Әлсеуова, тұрғын:

- Олар бізге сондай қорытынды берді. Біз оған келіспейміз. Бұл үй жарамайды. Қисық тұр. Ол құлатылуы керек.

Тұрғындар мүлдем келіспейді. Ал, атқарушы билік «барлығы заң аясында болуы керек», - дейді.  

Берік Сәрменбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Комиссия отырысы болды. Комиссия мүшелерінің әрқайсысы сол үйге сәйкес өздерінің ұсыныстарын білдірді. Содан кейін ұсынысқа байланысты үйді апатты емес деп таныды. Тұрғындарға жауабын бергенбіз. Келіспесе, олардың әрқайсысы жеке үйін өздері жөндеуі керек. 

Дәл осы жерде тозығы жетіп, құлағалы тұрған тағы бірнеше үй бар. Ондағы тұрғындар да бір күні далада қаламыз ба деп үрейленеді. 

Анар Қадауова, тұрғын:

- Алаңсыз отыру мүмкін емес. Жаңбыр жауса, төбеміз міне, тоққа түсіп өлеміз ғой.  

Сәуле Оспанова, тұрғын:

- Мынау не деген сұмдық? Адам тұра алмайды. Апатты жағдайда тұрған үй.

Бұл үйге техникалық сараптама жасалмаған. Бірақ, соған қарамастан, «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасымен ғимаратты жөндеуге мүмкіндік бар. Тек тұрғындардың 70 пайызының келісімі керек.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу