«Шекарасыз Қазақстан». Бүгін осындай атаумен Астанада ауқымды қайырымдылық акциясы басталды. Қалалық әкімдік, «Кинопарк ситерс» және «Кю груп» компаниялары балаларға базарлық жасады. Олар ата-анасының қамқорынсыз қалған бүлдіршіндерге тегін мультфильм көрсетілімін ұйымдастырып берді.
Басты мақсат – қолдау мен қорғауға мұқтаж балақайларға көңіл-күй сыйлап, оларды қоғамға бейімдеу. Осы арқылы елдің әлеуметтік саясатының жүзеге асуына үлес қосу. «Демалыстағы құбыжықтар» көрсетілімі әр баланың көңілінен шықты. Бүгінгі шараға «SOS балалардың ауылы» және «Бала асырап алуға қолдау орталығының» 175 тәрбиеленушісі келді.
Данияр Есин, Астана қаласы әкімдігі қоғамдық даму істері басқармасының басшысы:
- Басты мақсат - балалар үйінің тәрбиеленушілеріне барынша қолдау білдіру. Олардың өздерін айналасындағылармен теңдей дәрежеде ұстауына жағдай жасау. Осы мәселе қашан да назарда болу қажет. Бүгінгі шараға аутизм дертіне шалдыққандар да қатысып жатыр. Оларға көрсетілген фильмнің дыбысы төмендетіліп, жарығы бәсеңдетілді.
Мультфильмнен бөлек, арнайы шақырылған аниматорлар да балақайлардың көңілін көтерді. Сан түрлі ойын ұйымдастырып, интеллектуалдық жарыстар өткізді. Сондай-ақ, көрсетілім кезінде балаларға тегін сусын мен тәтті жүгері де таратылды.
Эльариз Мусин, «SOS Қазақстанның балалар ауылы» тәрбиеленушісі:
- Осындай жерлерге демалыста көп келеміз. Демаламыз, фильм көреміз. Жақын арада «Небоскреб» деген күшті фильм көргенбіз. Бізге барлығы ұнады. Тағы жақсы фильм көргім келеді.
Ата-анасының қамқорынсыз қалған балақайларға қолдау қашан да қажет. Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан көмек қашан да жасалып отырады. Мәселен, бүгінде қалалақ әкімдік пен «Кинопарк ситерс» компаниясы арасында осындай кештерді ұйымдастыру үшін келісімшарт жасалып жатыр. Ал, бүгін басталған акция аясында бір ай бойы сәрсенбі сайын тегін кинокөрсетілім ұйымдастырылмақ.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.