Ұлттық тілдерді оқыту орталығы биыл 1500 адамға қазақ тілін үйретпек. Оның жартысы тіл курсын аяқтап үлгерді.
Ирина төрт айлық тіл үйрету курсын аяқтай келді. Онымен бірге мемлекеттік қызметшілер де, студенттер де тіл сындырып жүр. Арасында зейнеткерлер де бар. «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы» ұжым болып үйреніп жүр. Тегін курстан ешкім тартынбайды.
Ирина Свиридова, тіл үйренуші:
- Мен Ресейде институтта оқыдым. 6 жыл бойы Омскіде тұрдым. Астанаға келгеннен жұмыс істей бастадым. Қазір мен қазақ тілі курсына барамын. Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Тіл үйрену маған ұнайды.
Ұлттық тілдерді оқыту орталығының курстарынан төрт айда 750 адам оқып шықты. Жақында оларға сертификат беріледі. Жалпы, биыл мың жарым адам мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Бағдарлама «Қазтест» жүйесіне негізделген.
Айжан Сұңғатова, Ұлттық тілдерді оқыту орталығының директоры:
- Бірінші 750 адамның ішіне А1 деңгейінен бастап С1 деңгейіне дейінгі тыңдаушылар кіреді. Екінші деңгейде тағы да солай. Деңгейді анықтап алып, 50-51 топты тегін оқыту көзделіп отыр. «Қазтест» белгілі бір жүйеде шетел оқулықтарының IELTS, TOEFL-ға негізделіп жасалған.
Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары да тілді жетік білуге талпынып отыр. Тегін курсқа кез келген астаналық қатыса алады. Ол үшін қалалық Тілдерді дамыту басқармасына барып, өтініші жазса болғаны. Кейін Ұлттық тілдерді оқыту орталығымен келісімшартқа отырады. Жас шамасы шектелмеген.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.