Дегенмен, жағдайы әлі ауыр. Бұл оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары баланы көлік қақты деген қылмыстық іс қозғаған. Ал, арада екі апта өткенде баланы әкесі Мұрат Асқароғлы ұрғаны белгілі болды. Оған айғақ ретінде өзінің видеосы жарияланды. Алайда, Мұраттың туысқандары бұл видеоны көріп таңқалған. Себебі, Мұхамедтің әкесі адам тұрмақ, жан-жануарға да қастандық жасамайтын, қой аузынан шөп алмайтын момын жан деп жақтап отыр. Ішімдікті де ешқашан ішпеген екен.
Оқиға болған орындағы бейнебақылау камераларының бірінен Мұхамедті әкесі қолынан жетектеп бара жатқаны анық көрініп тұр. Әрі оның алған жарақаттары да жол апатымен сәйкес келмейді. Ішімдік ішіп мас болған Мұрат өз баласын маңдайынан таспен ұрыпты. Сондықтан, ол қолымен жасаған кінәсін толық мойындады.
Мұрат Асқароғлы, Мұхамедтің әкесі:
- Сол күні таңертең ішімдік ішкенім рас. Ұлым қасымда еді. Ол мазамды алған соң қатты ашуландым. Тасты алып, маңдайынан ұрып жібердім. Ол құлап қолған соң, автобусқа отырып жұмысқа барып жуынып, есімді жинадым. Осы әрекетім үшін халық пен полицейлерден кешірім сұраймын. Тиісті жазамды өтеуге дайынмын.
Алайда, Мұраттың ағайындары екі аптадан кейін жарияланған бұл видеоны көріп таңқалған. «Өйткені, ол баласын ұрмақ түгіл, жан баласына қол ұшын тигізбейді», - дейді олар. Бұрын-соңды ішімдік ішіп те көзге түспеген. «Сондықтан, тәртіп сақшылары кінәлі адамды іздеп таппаған соң Мұратқа жала жауып, әдейі мойындатып отыр», - дейді туысқандары.
Әділет Әріпова, күдікті Мұраттың тәтесі:
- Ол өмірінде ішпеген. Өз баласын өзі ұра ма?! Ол өз баласын өлтіре ме?!
Нигора Мурадова, күдікті Мұраттың әпкесі:
- Ол мұны жасаған жоқ. Оны мәжбүрлеп мойындатқан. Өзіңіз логикалық қисынға салып көріңізші. Егер ол мұны жасаған болса, екі апта түк болмағандай қалай жүреді?! Мұрат ішпейді, сол күні де ішкен жоқ.
Мұхамедтің әкесі Мұрат ұлының денсаулығына зиян келтіргені үшін қамауға алынды. Себебі, қазір осы қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:
- Осы қылмыс үшін кодекстің 106-бабының нормаларына сәйкес, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделген.
Ал, қазір Мұхамедтің жағдайы жақсарып келеді. Десек те, миына зақым келіп, операция жасалғандықтан, дәрігерлердің қатаң бақылауына алынды.
Дінмұхаммед Рузуддинов, Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Қазіргі күні жағдайы әлі ауыр. Бірақ, бала өз есінде. Тамағын ішіп жатыр. Сәл қимылдай бастады. Қолына бірнәрсе берсең көтереді. Бірақ, сөйлеу жағы қиындау.
Дәрігерлердің сөзінше, Мұхамедтің жарақаты ауыр болған соң, бас сүйегін ашып операция жасаған. Сондықтан, оны әзірге терісімен жауып қойыпты. Жарасы жазылғаннан кейін косметикалық отамен ойып алынған бас сүйегінің бөлшегі қайта орнына салынады. Бұл баланың бет-әлпетінің бұзылуына әсер етпейді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.