Астанада әрбір төртінші адам аллергияға шалдыққан - Вера Лукьянец - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада әрбір төртінші адам аллергияға шалдыққан - Вера Лукьянец

02.08.2018

Астанада әрбір төртінші адам аллергияға шалдыққан. Бұл дәстүрлі және халықтық медицина орталығының басшысы Вера Лукьянецтің пікірі. Көбіне аллергияның таралуына иммунитеттің әлсіреуі мен тұрмыста химиялық заттарды көп қолдану әсер етеді екен. Сондай-ақ, биыл көктемнің әдеттегіден 1 ай кеш келуі аллергия маусымының уақытын созып жіберді.

Бағжан Тоқаев жаз келді қуана бермейтін адамдардың қатарынан. Күн жылына көк шығып, ағаш атаулы жапырақ жайған тұста ол үшін проблема басталады. Түнде ұйқы, күндіз күлкі жоқ.

Бағжан Тоқаев, қала тұрғыны:

- Көзімнен жас ағып, әр минут сайын түшкіремін. Мен үшін жаз өте ауыр болады.

Аллергияның соққысынан сақтану жолдар мынадай: Көшеде мейлінше аз болу. Көшеге шыға қалған жағдайда, денені жабатын киім кию керек. Бұл бір. Екіншіден, қоздырғыштардың тыныс алу жолдарына енуіне кедергі болатын арнайы маска тағу. Әрі сағат сайын беті-қолды жуып тұруға кеңес береді. Бағжан осы айтылғанды бұлжытпай орындайды. Бармаған дәрігері қалмаған. Аллергияны 100 пайыз толық емдейді дегенге өз басы сенбейді. Ал, дәрігерлердің бұған айтар өз уәжі бар.

Вера Лукьянец, дәстүрлі және халықтық медицина орталығының басшысы: 

- Жүз пайыз емдеу мүмкін. Ол үшін аллергияға дәл не түрткі болып тұрғанын анықтау қажет. Адам денесінде мыңдаған микроағза өмір сүреді. Соның дәл қайсысы екенін анықтау ауыр. Осыдан кейін кешенді емдеу арқылы бірнеше жыл ішінде толық емдеуге болады.  

Биыл Астанаға көктем кеш келді. Салдарынан жасыл желектің гүлдеуі де кеш. Әдетте мамырда басталатын аллергия кезеңі маусым-шілде айларына тұспа-тұс келді. Алдағы уақытта жусаннан аллергия беретін адамдар үшін ауыр кезең басталады. «Биылғы аллергия жылдағы аллергиядан еселеп ауыр тиіп тұр»,- дейді кейіпкеріміз. «Сондықтан, дәрі-дәрмекті алдын ала алып, дайын отырмын», -  дейді Бағжан.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу