Ұялы ауылы жанындағы көлде қазір балық көбейген. «Шаруаның ширауына мемлекеттік қолдаудың әсері зор болды», - дейді кәсіпкерлер. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар еңбекке тартылды.
Алдаберген Тәшенов - жеке кәсіпкер. Ол осы көлді мемлекеттен ұзақ мерзімге жалға алды. Көлде балықтың 3 түрі бар. Негізінен тұқы (карп) балығы нарықта жақсы сауданалады. Шаруашылықтың негізгі өнімі де осы.
Алдаберген Тәшенов, жеке кәсіпкер:
- Несие алғаннан кейін өнімділік жоғарылады. Бұған дейін осы жерден жылына 5 тоннаға дейін балық аулайтынбыз. Ал, қазір ғалымдардың кеңесін ескере отырып, өнімділікті 3 есеге дейін арттырдық. Биыл 15 тонна балық аулауға рұқсат алдық. Өнімдерімізді Ақмола облысы бойынша саудалаймыз.
Бұл жерде балықшылар мен демалушыларға да қызмет көрсетіледі. Көкшетаудан, Атбасардан, тіпті, өзге облыстардан да балық аулауға келетіндер бар.
Бек Абдураев, балықшы:
- Көл таза, балдырдың иісі шықпайды. 600 граммнан 3 килограммға дейінгі балықтар бар.
Шағын шаруашылықтың арқасында ауыл тұрғындары да жұмыс тапты. Сондықтан, Солдаткөл елдімекенге табыс әкеліп отыр. Жеке кәсіпкер тек пайданы ғана ойламайды. Көлдің, балықтардың жағдайы да назарда.
Алдаберген Тәшенов, жеке кәсіпкер:
- Жыл сайын шамамен 1,5 миллиондай балық жібереміз. Одан қыста мұз астына ауа жеткізу тәсілдерін қолданамыз. Балықтардың көбеюіне жағдай жасаймыз. Мәселен, ауланған кіші балықтарды қайтадан жібереміз. Олар ірі болғанда ғана аламыз.
Бұл маңда келешекте балық шаруашылығы ғана емес, туризм де дамуы әбден мүмкін. Себебі, жеке кәсіпкер жағалауды абаттандырып, демалушыларға жағдай жасауды жоспарлап отыр.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.