Осы күні Ресейде 1 миллионға жуық қандасымыз тұрады. Олардың дені кезінде ата-бабалары мекен еткен жерлерде қоныс тепкен. Сондай шаһарлардың бірі - Омбы қаласы. 80 мыңдай қандасымыз бұл жақта қазақылықты дәріптеп, бірлік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Әсіресе, соңғы кездері жастар жағы белсенділік танытып, қауымдастық құрып, ана тілді ұмытпауға барын салып жүр.
Қуаныш пен Торғын Омбыдағы қазақ жастарының басын қосып, осыдан бірнеше жыл бұрын «Омбы қазақтары» қауымдастығын құрады. 20 адаммен басталған ұйым қазіргі күні Ресей мен алыс-жақын шетелде кеңінен танымал. Ана тілді дәріптеп, ұлттық болмысты сақтап қалуға қазақ жастары барын салып жүр. Мәдени, спорттық шараларды жиі өткізіп, келелі кеңестерде үнемі бас қосады. Қауымдастықтың кеңінен танылуына «Омбының ару қызы» конкурсы ықпал етті.
Торғын Ашенова, «Омбы қазақтары» қауымдастығының төрайымы:
- Сол конкурс ішінде қатысушылар тілді білетіндігін, өздерінің дарындылығын көрсетеді. Оны Қазақстанның екі арнасында көрсетті. Аталған байқау өткеннен кейін осы конкурсты неге жалғастырмасқа деп ойладық.
Түрлі шаралардан бөлек, жастарымыз «Омбы қазақтары» атты журнал шығаруды қолға алған. 2014 жылы «Атамекен» атауымен жарық көрген басылым түрлі қиындыққа тап болып, бір кездері жұмысын да тоқтатты. Алайда, белсенді студенттер шәкіртақыларын жиып, басылымға жан бітірді. Осы уақытқа дейін журналдың 50 саны жарық көрді.
Қуаныш Елеутаев, «Омбы қазақтары» қауымдастығының мүшесі:
- Журналға мақала жазатын авторлар тегін жұмыс істейді. Фотографтарымыз да қазақ басылымының тоқтап қалмауы үшін ақысыз еңбек етіп жүр. Біздің журнал Ресейде ресми тіркелген 3 қазақ басылымының бірі. Таралымы 1000 дана. Әрине, біз журналдың толық қазақ тілінде шыққанын қалаймыз. Өкінішке қарай, ана тілде жазатын авторлар өте аз. Десе де, барымызды салып жатырмыз.
Омбыдағы орталық көшелердің біріне Шоқан Уәлихановтың есімі берілген. Тіпті осы көшенің бойына қазақтың атақты ғалымының ескерткіші де орнатылған. Қазақ жастарының басын қосатын түрлі шараларды қандастарымыз дәл осы жерде өткізуді дәстүрге айналдырған.
Бақытжан ОМАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.