Шипалы тұздыкөл қараусыз жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шипалы тұздыкөл қараусыз жатыр

01.08.2018

Талайдың дертіне дауа болған Тұздыкөл қараусыз жатыр. Атыраудағы Индер ауданында орналасқан көлдің маңына көпшілік сауықтыру орталығы салынса деп сұрайды. Жыл сайын мұнда келетін халықтың қарасы көбейіп келеді. Тұздыкөлдің ерекше қасиетін ғалымдар да мойындап отыр. 

Халық арасында дала дәрігері атанып кеткен Тұздыкөлдің қасиеті әлімсақтан белгілі. Оның миниралға толы балшығы мен суынан шипа тапқандар жетеді. Алайда, дертіне ем іздегендер үшін жағалауда еш жағдай жасалмаған.

Қуаныш Амантурлин, демалушы:

- Көлеңкесі бар, демалатын, жуынатын орын болса... Алыстан келгендер тамақтанатын, демалатын, қонатын жер болса дейміз. 

Тұздыкөл орналасқан аумақты, құдды бір ақ алқап дерсіз. Өйткені, мұнда тұздың әсерінен кристалдар түзілген. Бұл құбылыс келушілерді ерекше әсерге бөлейді.

Гүлмира Пауеденова, студент:

- Тұздыкөл туралы бірінші рет естіп, келіп тұрмын. Мен ойлағаннан да әдемі екен. Аппақ бір керемет көрініс. Сондай-ақ, өзінің бір шипалық емі бар екен. Әрине, суын өзіме құйып та алып кетемін.

Көлдегі тұздың қоры әлем бойынша екінші орында. Жалпы, ауданы 110,5 шаршы шақырымды құрайды. Жағалауы сай-жыралармен тілімделген. Осы жардың түбінен шығатын тұзды бұлақтар бар. Ғалымдардың зерттеу жұмыстары оң нәтиже беріп, тұзды су құрамындағы элементтер 25 түрлі ауруға ем болатыны анықталған.

Муфтах Диаров, Қазақстан ҰҒА академигі:

- Ең пайдалысы, ішіндегі тұзды суы. Оның ішінде түрлі микроэлементтер бар. Соның ішіндегі өте қымбаты - бор, бром, калий, магний. Әсіресе, бор. Онкологиялық аурулар көбейіп жатыр. Түрлі ісіктер көбейіп жатыр. Астма, аллергия көбейіп жатыр. Соның бәріне ем болатын осы көл.

Әзірге бұл жерде инфрақұрылым атымен жоқ. Жолы аяқ алып жүргісіз. Сол себепті, шипажай салу көп қаржыны талап ететін сыңайлы.

Атырау атырабында мұндай киелі орындар жетерлік. Көбінің қараусыз қалып жатқаны да жасырын емес. Билік тарапынан қолдау болса, бұл орындар халық игілігіне айналары ақиқат. Нәтижесінде, атырауға келуші туристердің саны артып, ел экономикасына айтарлықтай қаржы құйылады.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу