Басты Жаңалықтар Алматы облысында құбырдан адам қаңқалары табылды

Алматы облысында құбырдан адам қаңқалары табылды

Алматы облысы Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты Жаңалық ауылында Мұрат Байғожаев есімді азаматтың үйінің жанынан адамдардың қаңқалары табылды. Бас сүйектері бүлінбеген. Тек сүйекті тесіп өткен оқтың опырайған орны тұр. Сондай-ақ, қаңқалардың арасында шірісе де, сол күйі сақталған киімдері мен өзге де қолданған заттары бар. Ал, бас сүйектердегі тесіктерге қарап, «қуғын-сүргін кезінде атылған Алаш арыстарының қаңқалары болуы мүмкін», - дейді жергілікті жұрт.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

- Жаңалық ауылы Рахимов көшесі бойының тұрғындары су құбырын қазған уақытта адам сүйектерін тауып алған. Ең қызық болып тұрғаны, мына бас сүйектің барлығында оқтан қалған тесіктер бар. Сондай-ақ, қызықты дәлел мынандай оқтың өзі әрі көзәйнектің шынылары, тіпті кейбір киімдері де бар. Ал, тұрғындардың болжауынша, бұл біздің арыс азаматтарымыздың сүйектері болуы мүмкін. «Ал, қазылып жатқан су құбырының орны тек қана бастамасы», - дейді тұрғындар. Себебі, ары қарай қаза беретін болсақ көптеген адамдардың сүйектері әлі де табылып жатқанын байқауға болады.

Үй маңынан 10-15 метр қашықтықта қазылған су құбырының орны табылмаған тарихтың жасырын көзі болуы мүмкін. Себебі, ауылдықтар «осы шұңқырды қай жағынан қазсақ та, сүйектер шыға береді», деп отыр.

Байғожаевтар әулеті мұнда елу жылдан бері тұрып жатыр. Алайда, мұндай тылсым оқиғаның куәгері боламыз, деп мүлдем ойламаған. Әуелгіде, су құбырын тартпақ болған. Бірақ, адам сүйектері, оқтардың арасына қыстырылған тиын мен шіріген киім-кешектің қалдықтарын тауып алған. Ауылдықтардың сөзінше, бұл елді мекенде 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргіннің құрбандары атылған. Бұған дейін «сөз жүзінде болған дүниені енді көзбен көргеніміз соған дәлел», - дейді олар.

Тұрғындар бұл мекен қасиетті, деп біледі. Себебі, біз білмейтін сыры көп. Мәселен, табылғандардың ішінде тек ер емес, әйелдің де бас сүйегі бар. Мұны жұрт қуғынға ұшырап, отбасымен бірге атылған азаматтар болуы мүмкін деген жорамалдарын айтты.

Гүлбаршын Борышбаева, Жаңалық ауылының тұрғыны:

- Талай елес көретінбіз. Өзім талай көргенмін ақ адамды.

Жаңалықтықтар біраз уақыт бұрын «түрлі елестер көріп, ат тұяғының дүбірін жиі еститінбіз», - дейді. Бірақ, күндіз-түні көрінетін елестерден еш қауіп жоқ. Сондықтан, соңғы уақытта көпшілік дұға бағыштап, ас беріп жүр.

Бегәлі Түңлікбаев, Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Өз көзіммен көріп, сонымен ауданға хабарландыру айтылды бұл жөнінде. Қазіргі күнде «Әділет»  қоғамына да хабарлап айтылды. Комиссияны алып келіп отырмын. Осы қазылып алынған дүниелерді актілеп, уақытша сақтай тұруға қабылдап аламыз.

Кеше кешке табылған адам сүйектеріне жергілікті билік назар аударыпты. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, енді мұнда археологтар келіп, табылған сүйектерді зерттеуге кіріспекші. Айта кетейік, қазір Жаңалық ауылында қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай салынып жатыр. Алдағы уақытта сүйектер осында сақталады.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу