Өскеменде 1,5 жасар бала үйдің терезесінен құлап кетті (толығырақ)

23.04.2014
Өскеменде 1,5 жасар бала үйдің терезесінен құлап кетті (толығырақ)
Көктем келсе болды, кішкентай балалардың терезеден құлап кету фактілері көбейеді. Өскеменде соңғы бір ай ішінде осындай екі оқиға болды.
 
Алғашқысында 1,5 жастағы сәби жоғарғы қабаттан құлап, ауруханаға түсті. Ал, осыдан 2-3 күн бұрын тағы бір бала пәтер терезесінен құлап кетті. Еліміз бойынша, мұндай мысалдар аз емес.
 
Берік Көшербаевтілші:
Жаз шыға салысымен көбі пәтердің терезесіне тор орнатады. Ол үй үшіне шыбын-шіркейдің кіріп кетуінен сақтағанымен, кішкентай балалар үшін аса қауіпті. Себебі, өте жіңішке жіптерден тоқылған тор сәбидің оған салмақ түсіріп, итергеніне шыдас бермей, тез жыртылады. Соның салдарынан, әсіресе, жаз уақытында балалардың терезеден құлап кету фактілері жиі кездеседі.
 
Дәл осындай жағдайға тап болған баланың бірі - қарағандылық Сәбина Серікова. 3 жасында төртінші қабаттағы пәтер терезесінен құлап кетіпті. Әйтеуір аман қалды. Қазір ол 7 жаста. Осы оқыс оқиғадан соң ата-анасы жер үйге көшіпті.
 
Бақытгүл Серікова, Сәбинаның анасы:
Терезенің торы үзіліп кетіп, құлады. Ол кезде 4-қабатта тұратынбыз. Құдай қалап, аман қалды.
 
Өскеменде 1,5 жастағы бұл бала ауруханаға таяуда ғана түсті. Терезедегі тордың жыртылып кетуі салдарынан екінші қабаттан құлаған кезде миы шайқалып, өкпесіне зақым келген.
 
 Дәрігерлер дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, қазір оның өміріне төнген қауіп сейілді.
 
Серік Кизатуллин, «Ана мен бала» орталығының неирохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
Бала неирохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайы орташа деп айтуға болады.
 
Бұйыртса, бұл бала жақын арада үйіне оралады. Өкініштісі, елімізде терезеден құлап қайтыс болған балалар да бар.
 
Мысалы, Ақтөбеде былтыр бір сәби қаза болды. Ал, мына бала бір жыл бойы ауруханада жатыр. 7 айында 7-ші қабаттан кұлап кеткен.
 
Марсель Фаруздинов, Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының травматологы:
Кейбір ата-аналар басқа бөлмеде отырып, баласы не істеп жатқанын білмейді. 7 айлық бала терезеден өзі барып құламайды. Қолынан түсіріп алған. Балаға мұқият болу керек,
 
Себебі, олар өте жылдам қозғалады және қорқуды білмейді. Мысалы, 10- қабаттағы пәтердегі терезенің алдында ойнап отырған мына бала ғаламтордың жұлдызына айналды. Әйтеуір, құламағанына тәубе етеді, көргендер. Дәрігерлер барлық ата-аналарды абай болуға шақырады. 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу